Денсаулық сақтау саласындағы ғылымды дамыту перспективалары

2025 жылы 14 наурызда ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Өлкелік санитарлық-эпидемиологиялық институттың, қазіргі «Х.Жұматов атындағы Гигиена және эпидемиология ғылыми орталығы» (бұдан әрі – Орталық), құрылғанына 100 жыл толуына орай Ғылыми орталықтың ардагерлерімен және көрнекті ғылыми қайраткерлерімен кездесу ұйымдастырды.

Іс-шара Қазақстанның денсаулық сақтау саласын дамытудағы Орталықтың тарихи рөліне, ғылымның даму перспективаларына, ұрпақтар сабақтастығына, кадрлар даярлауға, ғылыми өнімді коммерцияландыруға арналды. Сондай-ақ Орталықтың Даму стратегиясы; иммундық-биологиялық препараттарды өндіру және әзірлеу; гигиеналық нормалаудың ғылыми негіздемесі; “5G-дің” халық денсаулығына әсері және денсаулық сақтау аясындағы басқа да өзекті мәселелер қаралды.

«Біздің кездесуіміз – бұл тәжірибе алмасу, өзекті ғылыми мәселелерді талқылау және ғылыми орталыққа қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы жетекші ғылыми мекемелердің бірінің мәртебесін қайтару үшін оны одан әрі дамыту жөнінде нақты ұсыныстар енгізу мүмкіндігі. Сіздердің әрқайсыларыңызға қажырлы еңбектеріңіз үшін, ғылымға адалдықтарыңыз үшін шын жүректен алғысымды білдіремін», – деді ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының Басқарма төрағасы Айжан Есмағамбетова.

Кездесу барысында негізгі ғылыми бастамалар мен перспективалық зерттеулер, аға буынның тәжірибесі және олардың Орталықты одан әрі дамытуға қатысуы талқыланды. Гигиена, эпидемиология, микробиология, иммунология саласындағы өзекті шешімдерді жандандыруға ерекше назар аударылды. Отырыс соңында қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы ғылым мен білімді одан әрі дамытуға бағытталған ұсынымдар тұжырымдалды.