Қызылша мен қызамықты диагностикалаудағы заманауи жетістіктер

Қызылша мен қызамық – бұл ауа-тамшылық жолмен берілетін жұқпалылығы жоғары вирусты инфекциялар.

Диагностикалау неліктен маңызды?

Инфекцияны ерте анықтау емдеуді дер кезінде бастауға және асқынуларды болдырмауға ғана емес, сонымен қатар вирустың одан әрі таралуын болдырмауға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе (қызамық жағдайында) жүкті әйелдер және қызылша ауыр түрде өтуі мүмкін балалар үшін өте маңызды.

Қазақстандағы заманауи диагностикалау әдістері

Елімізде зертханалық зерттеудің төмендегідей бірнеше негізгі әдістері қолжетімді:

  • ПТР (полимеразды тізбекті реакция) – антиденелер пайда болғанға дейін инфекцияны анықтауға мүмкіндік бере отырып, вирустық РНҚ-ны аурудың ерте кезеңдерінің өзінде анықтайды.
  • ИФА (иммуноферментті талдау) – IgM (жіті инфекцияның белгісі) және IgG (аурудың болғанын немесе вакцинациядан кейін иммунитеттің болуын көрсетеді) антиденелерін анықтайды.
  • Экспресс-тесттер – жаппай скрининг немесе аурудың бұрқ етуі жағдайында антиденелерді тез анықтауға мүмкіндік береді.

Осы әдістерден басқа, «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалының (СЭСжМҒПО) вирусты инфекцияларды бақылау референс-зертханасы вирус геномының секвенирлеуін жүзеге асырады, бұл вирустың генотипін, мутацияларды анықтауға және инфекцияның таралуын қадағалауға мүмкіндік береді. Бұл әдіс әсіресе эпидемиологиялық қадағалау және вирустың жаңа нұсқаларын анықтау үшін маңызды. Вирустың геномын секвенирлеу ғалымдар мен дәрігерлерге вирустың өзгеруін бақылауға және алдын алу шараларын бейімдеуге мүмкіндік береді.

Қазақстанда соңғы жылдары қызылшаның өршуі байқалуда, бұл әсіресе халықтың вакцинацияланбаған топтары арасында жиі кездесуде. Зертханалық диагностиканы уақтылы жүргізу және Ұлттық екпе күнтізбесін сақтау маңызды. Қызылша мен қызамыққа қарсы вакцинация міндетті болып табылады және тегін жүргізіледі.

Заманауи диагностикалық әдістер ауру жағдайларын уақтылы анықтауға ғана емес, сонымен қатар эпидемиологиялық жағдайды бақылауға да көмектеседі.

Өз денсаулығыңызды сақтаңыз және вакцинация туралы ұмытпаңыз!

Барлық сұрақтарыңыз бойынша вирусты инфекцияларды бақылау референс-зертханасына +7 (727) 375-45-33 телефон нөмірі арқылы хабарласыңыз.