Дүниежүзілік семіздікпен күрес күні: Қазақстандағы проблеманың өзектілігі және алдын алу шаралары

2025 жылы 4 наурызда Дүниежүзілік семіздікпен күрес федерациясының бастамасымен жыл сайын Дүниежүзілік семіздікпен күрес күні атап өтіледі. Бұл іс-шара семіздік мәселесі, оның салдары және алдын алу әдістері туралы хабардарлықты арттыруға бағытталған.

Семіздік – жаһандық қауіп

Дүниежүзілік семіздікпен күрес федерациясының болжамы бойынша, 2030 жылға қарай семіздікке шалдыққан адамдардың саны 1,5 миллиардқа жетуі мүмкін, бұл – жер шарындағы халықтың төрттен бірі. Семіздік – үнемі бақылауды қажет ететін созылмалы ауру ретінде мойындалған. Қазіргі уақытта ол 200-ден астам түрлі аурулардың, соның ішінде 2-типті қант диабеті, гипертония, жүрек-қантамыр аурулары және онкологиялық дерттердің қаупін арттыратын факторлардың тізіміне кіреді.

Қазақстандағы жағдай қандай?

Қазақстандағы жағдай да алаңдатушылық тудырады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтері бойынша, 2023 жылы алғашқы семіздікке шалдығу көрсеткіші, 100 мың адамға шаққанда, 44,6 жағдайды құрады. 2024 жылы бұл көрсеткіш өсіп, 9 айда 52,9-ды құрады.

Семіздік қала тұрғындары арасында жиі кездеседі – 100 мың адамға шаққанда 55,8 жағдай, ал ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш төмен – 29,4. Мамандар мұны өмір салтымен байланыстырады: ірі қалаларда адамдар аз қимылдайды, фастфудты жиі тұтынады және күйзеліске көп ұшырайды.

Тағы бір алаңдататын үрдіс – балалар арасында семіздіктің өсуі. 2024 жылы елімізде 4 260-тан астам балаға осындай диагноз қойылды. COSI зерттеуіне сәйкес, 6-9 жас аралығындағы әрбір бесінші баланың салмағы артық, ал 6,6%-ы семіздіктен зардап шегеді.

Бір қызығы, ғалымдар ата-аналар мен балалардың салмағы арасында байланыс барын анықтады: салмағы артық балалардың 44,7%-нда әкесінің және 30%-нда анасының салмақтары артық болып тұр.

Қазақстандықтардың артық салмақ қосуына не себеп?

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы (ҚДСҰО) мынадай негізгі себептерді атайды:

  • Құрамында қант, май және өңделген өнімдер көп тағамдарды тұтыну;
  • Қозғалыссыз өмір салты, әсіресе гаджеттерге тәуелді балаларда қозғалыс аз болады;
  • Генетикалық бейімділік;
  • Әлеуметтік және экологиялық факторлар, оның ішінде дұрыс тамақтанудың қолжетімділігі.

Қазақстанда қандай шара қолдануда?

Семіздікке қарсы күрес – Қазақстандағы денсаулық сақтау саласының басым бағыттарының бірі. Елімізде жоғары калориялы тағамдарды тұтынуды шектеу, дұрыс тамақтану мен дене белсенділігін насихаттау бойынша шаралар жүзеге асырылып жатыр.

Ұлттық бағдарламалар аясында халықпен белсенді түсіндіру жұмыстары жүргізіледі: БАҚ, әлеуметтік желіледе, мектептер мен медициналық мекемелерде ақпараттық науқандар тұрақты түрде өткізіледі.

Сонымен қатар, Қазақстанда 4-15 жас аралығындағы балалардың май деңгейін қадағалап, профилактикалық іс-шаралар жүргізуден кейін оның өзгеруін бақылауға мүмкіндік беретін арнайы FatCalc калькуляторы әзірленді.

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының рөлі

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы (ҚДСҰО) Қазақстандағы семіздік мәселесін зерттеуде және оның алдын алуда негізгі рөл атқарады. Орталық эпидемиологиялық мониторинг жүргізеді, аурудың таралу динамикасына талдау жасайды және оның деңгейін төмендету бойынша ұсынымдар әзірлейді. Сонымен қатар, ҚДСҰО халық арасында дұрыс тамақтану және физикалық белсенділік дағдыларын қалыптастыруға бағытталған білім беру және ақпараттық бағдарламаларды әзірлеу мен енгізуге белсене қатысады.

Ұлттық зерттеулер аясында әртүрлі жас топтары арасындағы семіздік қаупінің негізгі факторлары анықталды. ҚДСҰО мамандары бұл мәселені медициналық, әлеуметтік және білім беру аспектілерін қамтитын кешенді тәсіл арқылы шешу семіздік деңгейін төмендетіп, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға көмектеседі деп санайды.

Осылайша, эпидемиологиялық қадағалауды, профилактикалық бағдарламаларды және ақпараттық науқандарды қамтитын кешенді тәсіл Қазақстан халқының денсаулығы үшін семіздіктің таралуына және оның салдарына қарсы күрестің негізгі құралы болып табылады.

Семіздіктің алдын алу үшін не істеу керек?

ҚДСҰО мыналарды ұсынады: Қант пен қаныққан майларды тұтынуды азайту; Рационға көбірек көкөністер мен жемістерді және тұтас дәнді өнімдерді қосу; Күніне кемінде 30 минут дене белсенділігін арттыру; Гаджеттерде отыратын уақытты шектеу; Өз салмағын бақылап, тұрақты түрде медициналық қарап-тексеруден өту.

Семіздік – бұл жай ғана эстетикалық мәселе емес, ол денсаулыққа тікелей қауіп төндіретін фактор. Онымен күресу үшін мемлекеттік, қоғамдық деңгейде кешенді тәсіл мен өзгерістер қажет. Дүниежүзілік семіздікпен күрес күні – өз денсаулығымыз туралы ойланып, белсенді әрі салауатты өмір салтына қадам жасауға жақсы мүмкіндік.