«Жақында Қазнетте коронавирус инфекциясының жаңа түрі пайда болды-мыс деген ақпарат жайлады. Осыған байланысты бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мәлімдеме жасады» деп хабарлайды Zakon.kz.
Комитетте ақпараттың жалған екенін айтты.
2025 жылы 28 қаңтарда СЭБК Telegram арнасында жарияланған хабарламада: «Мессенджерлерде COVID-Omicron XBB коронавирусының жаңа түрінің пайда болуы туралы таратылған ақпарат ескірген және жалған» деп айтылады.
Олардың деректері бойынша Қазақстанда коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты.
«2025 жылдың басынан бері елде 51 КВИ жағдайы тіркелді, қайтыс болу жағдайы жоқ. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда, сырқаттанушылық 7 есеге төмендеген. КВИ-мен емделуге жатқызылғандардың жоқ екенін айта кету керек, бұл көп жағдайда КВИ-дің жеңіл түрде өтетінін растайды. Осылайша, соңғы секвенирлеу деректері бойынша, бүкіл әлемдегідей Қазақстанда да Omicron штамының әртүрлі нұсқасы айналымда жүр».
СЭБК Баспасөз қызметі
Комитетте коронавирус инфекциясы бойынша жағдай бақылауда екенін атап өтті.
“Азаматтарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға және тек ресми дереккөздерден алынған сенімді ақпаратқа ғана сенуге шақырамыз”.
СЭБК Баспасөз қызметі
2025 жылы 5 қаңтарда Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстандағы адам метапневмовирусының (hMPV) эпидемиологиялық жағдайы және таралуы туралы түсіндірме берді.
Кейіннен 8 қаңтарда Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының (ҚДСҰО) Басқарма басшысы Айжан Есмағамбетова Қазақстанда метапневмовирусқа байланысты карантин енгізіле ме, жоқ па деген мәселелер жөнінде айтты.