«Бірыңғай денсаулық» (ЮСАИД) офисінің директоры Брэд Арсеноның Қазақстан Республикасы Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы СЭСжМҒПО филиалына жұмыс сапары

Алматы қаласында 2025 жылы 24 қаңтарда ҚДСҰО Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының базасында ҚР ДСМ «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК Басқарма төрағасы А.С. Есмағамбетова АҚШ Халықаралық даму агенттігінің «Бірыңғай денсаулық» офисінің директоры Брэд Арсеномен кездесу өткізді.
Жұмыс кездесуі барысында Брэд Арсено мырза вирустық инфекцияларды бақылау және бактериялық, паразиттік инфекциялар мен антибиотикке резистенттілікті бақылау референс зертханаларының, сонымен қатар зертханалық тренинг орталығының жұмыстарымен танысты.
Вирустық инфекцияларды бақылау референс зертханасы полиомиелит, қызылша, қызамық және тұмау диагностикасы бойынша ДДҰ жаһандық зертханалар желісінің бір бөлігі болып саналады, Қазақстандағы ДДҰ Ұлттық тұмау орталығы деген мәртебе алған. Зертхана мамандары вирустарды зерттеудің жоғары технологиялық әдістерін меңгерген, Қазақстанда тұмау, Covid-19, қызылша және В вирустық гепатиті бойынша геномдық қадағалауды қамтамасыз етеді.
Бактериялық, паразиттік инфекцияларды және антибиотикке резистенттілікті бақылау референс зертханасы жоғары технологиялық жабдықтармен жабдықталған, микробқа қарсы резистенттілік бойынша референс зертхана болып табылады.
Жыл сайын ҚДСҰО микробиологиялық референс зертханалары 20 мыңға жуық зерттеу жүргізеді.
Орталық Азиядағы бірегей және жалғыз зертханалық тренинг орталығы заманауи зертханалық жабдықтармен жабдықталған және денсаулық сақтау, ветеринария және экология салаларындағы зертхана мамандарын оқыту үшін пайдаланылады.
Бір алаңда 3 ведомство мамандарын даярлау жұқпалы ауруларды, оның ішінде адамдар мен жануарларға ортақ жұқпалы ауруларды жою, элиминациялау және тұрақтандыру жөніндегі жаһандық, өңірлік бағдарламаларды іске асыру кезінде ведомствоаралық және сектораралық өзара іс-қимылдың орнықтылығына ықпал етеді.
2024 жылдың наурыз айынан бастап тренинг орталығының базасында ДДҰ-ның зертханалық қызмет көшбасшыларын даярлау бойынша жаһандық бағдарламасы шеңберінде тренингтер өткізілді, биологиялық қауіпсіздік және биоқорғау мәселелері, зертханалық қызметтегі сапаны басқару жүйесі және басқа да өзекті тақырыптар бойынша тренингтер өткізілді. Үш салада 200-ден астам курсант оқыды.
Кездесу барысында тараптар жұқпалы ауруларды, оның ішінде адамдар мен жануарларға ортақ жұқпалы ауруларды эпидемиологиялық қадағалауды, «Бірыңғай денсаулық» тәсілін жетілдіру, жұмыс істеп тұрған зертханалардың инфрақұрылымын жақсартып, қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы зертханалық қызметті дамыту, оларды заманауи жабдықтармен жарақтандыру және әлемдегі ең жақсы тәжірибелерді қолдана отырып кадрлық әлеуетті арттыру шараларын жетілдіру мақсатында Жаһандық бағдарламаларды іске асыру бойынша ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру туралы уағдаласты.