2024 жылы шілде айында денсаулық сақтау саласындағы көшбасшылық әлеуетті дамытуға бағытталған бірегей үш деңгейлі бағдарлама басталды. Оқыту Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Еуропалық аймақтық бюросы ұйымдастырған Жалпыеуропалық көшбасшылық академиясының (European Leadership Academy, ELA) аясында өтеді.
Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Түркияны қоса алғанда, Еуропалық аймақтың алты елінен 14 үміткер іріктеуден сәтті өтіп, ELA бағдарламасына қатысуға шақырту алды.
Қазақстаннан ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының екі маманы: ғылым және кәсіптік даму бөлімінің бас маманы Адаева Әсел және қоғамдық денсаулық сақтаудағы төтенше жағдайлар жөніндегі жедел орталықтың директоры Ердесов Сауран финалға шықты.
Жалпыеуропалық көшбасшылық академиясы денсаулық сақтау саласындағы көшбасшылардың жаңа буынын тәрбиелеуге және мамандардың көшбасшылық құзыреттерін күшейтуге бағытталған ДДҰ-ның маңызды бастамасы болды.
Бағдарламаға тағылымдамалар, трансформациялық көшбасшылық сабақтары, қолданбалы дағдыларды дамыту бойынша тренингтер, бейімделген оқыту және ДДҰ-ның арнайы бастамалары кіреді.
Бірінші деңгейдегі қатысушыларға арналған оқыту (Tier 1) Копенгагенде (Дания) ДДҰ-ның Еуропалық аймақтық бюросының кеңсесінде, сондай-ақ Копенгагеннен тыс ДДҰ-ның елдік кеңселері мен техникалық орталықтарында ұйымдастырылды. Бағдарлама 2024 жылдың шілде айынан 2025 жылдың наурыз айына дейін жалғасады, бұл қатысушылардың кәсіби өсуіне, тәжірибе алмасуына және желілік өзара байланыс жасауына мүмкіндік береді.
Қазақстанның осы деңгейдегі бағдарламаға қатысуы қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы ұлттық әлеуетті дамытудың маңыздылығын және мамандардың осы саладағы жаһандық сын-қатерлерге бейімделуге дайындығын көрсетеді.