Астанада 2024 жылы 18 қарашада Дүниежүзілік шала туған балалар күніне арналған форум өтті. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы іс-шараға белсене қатысты.
Манар Смағұл Қазақстанда балаларға екпе жасау туралы баяндама жасады.
Форумға ата-аналар, медицина қызметкерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері, депутаттар, медицина университетінің ғалымдары мен студенттері мерзімінен бұрын босану және оның салдары туралы өзекті мәселелерді талқылау үшін жиналды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, әлемде жыл сайын шамамен 15 миллион нәресте шала туады, олардың ішінде бір миллионнан астам нәресте өмірдің алғашқы күндерінде-ақ шетінейді. Аман қалғандар ауыр физикалық және неврологиялық қиындықтарға, сондай-ақ оқудағы қиыншылықтарға тап болады. Қазақстанда бұл проблема да өзекті: жыл сайын 20 мыңнан астам шала туу жағдайы тіркеледі, бұл осы мәселені шешуге кешенді көзқарас қажеттігін көрсетеді.