Астанада 11 қарашада “Мектептегі тамақтану: проблемалар және оларды шешу жолдары” тақырыбында дөңгелек үстел өтті, оған Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасы Айжан Есмағамбетова және басқарма төрағасының орынбасары Салтанат Назарова қатысты.
Тамақтану балалардың денсаулығы мен дамуының маңызды бір бөлігі болып табылады және оны жақсарту тұрақты даму мақсатына жету жолдарының бірі болып саналады. Қазіргі уақытта Қазақстанның барлық өңірлерінде 1,7 миллион оқушы мектепте тегін тамақпен қамтылған. ЮНИСЕФ Елдік офисінің қолдауымен Ұлттық салауатты тамақтану орталығы мектептегі тамақтану жағдайына жүргізген зерттеу жұмыстары бірқатар проблемаларды анықтады.
Іс-шара барысында мектепте тамақтанудың жаңа стандарты ұсынылды, бұл стандарт оқу орындарында тамақтануды ұйымдастыруға негіз болады. Стандарт азық-түліктерді сатып алудан бастап тамақ дайындауға және осы салада жұмыс істейтін қызметкерлерді оқытуға дейінгі барлық негізгі кезеңдерді қамтиды.
Қоректік заттардың құрамын энергия мен нутриенттердің жаңартылған тұтыну нормаларымен үйлестіруге, сондай-ақ тұз, қант және қаныққан май деңгейін бақылауға ерекше назар аударылды. Сонымен қатар ас мәзірінің алуан түрлілігі, әртүрлі аймақтардағы мектепте тамақтану құны және барлық оқушылар үшін сапалы тағамға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Дөңгелек үстелді ұйымдастырушылар: ЮНИСЕФ Елдік офисінің қолдауымен Қазақстан Республикасының Білім министрлігі мен Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі.