Тұз тұтынуды азайту жөніндегі оқыту семинары басталды

2024 жылы 1 қарашадан бастап ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің базасында гибридті форматта (онлайн/офлайн) Қазақстанда тұз тұтынуды азайту мәселелері бойынша оқыту семинарлары басталды. 2024 жылы 1-18 қараша аралығында семинарлар Алматы, Өскемен, Орал және Астана қалаларында өтеді.

Семинарды ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы, Кодекс Алиментариус командасы және Қазақстандағы ДДҰ елдік офисі ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық департаменттерімен (СЭБК АД) бірлесіп ұйымдастырды.

Семинарға Алматы қ., Шымкент қ., Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары мен Жетісу облысының тамақ өнеркәсібі және СЭБК АД өкілдері қатысты.

Семинардың мақсаты: тұзды шамадан артық тұтынумен байланысты проблемалар мен қауіптер туралы ақпараттандыру бойынша алғашқы аудитория ретінде тамақ өнеркәсібі қызметкерлері мен Комитеттің тамақ өнімдеріндегі тұзды азайту жөніндегі аумақтық департаменттерінің өкілдері арасында білім беру және ағарту жұмыстарын жүргізу.

Семинарда натрийдің физиологиялық әсері туралы айтылып, натрийді артық тұтынудың жұқпалы емес аурулардың дамуына әсері туралы ғылыми зерттеулерге шолу, үздік халықаралық тәжірибеге шолу жасалады, ДДҰ ұсынымдарымен таныстырылады. Сондай-ақ семинар спикерлері Қазақстанда тұзды тұтыну бойынша ахуалды айтып, нормативтік құқықтық базамен таныстырды және ҚР-да тұз тұтынуды азайту бойынша ұсынылатын саясат шараларын ұсынды.

Семинар барысында сектораралық жұмыстың маңыздылығы, проблемалық мәселелердегі негізгі кедергілер мен мүмкіндіктер, оларды шешудің жолдары талқыланды.

Қазақстан тағамтану академиясы жүргізген зерттеулердегі деректер бойынша, Қазақстанда ерлердің 100%-ы және әйелдердің 97%-ы тәулігіне 17 грамм тұз тұтынады, бұл ДДҰ ұсынған нормадан 3,4 есе асады. Тұзды шамадан артық тұтыну қан қысымының жоғарылауына және жүрек-қан тамыры аурулары мен инсульт қаупінің артуына әкелетіндігі белгілі. ДДҰ ұсынымдарына сәйкес, тамақ өнімдеріндегі тұздың мөлшерін біртіндеп азайту популяциялық деңгейде халық арасында жұқпалы емес аурулардың алдын алудағы ең тиімді стратегиялардың бірі және қоғамдық денсаулық сақтау үшін тиімді экономикалық стратегия болып табылады.

2024 жылы 1-18 қараша аралығында Қазақстан Республикасының төрт қаласында: Алматы, Өскемен, Орал және Астана қалаларында оқыту семинарларын өткізу жоспарланған.

ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы семинарды ұйымдастырғаны үшін СЭБК аумақтық департаментіне зор алғысын білдіреді.