ДДСҰ-ның жаңа есебі: неліктен жасөспірімдер арасында жыныстық сауаттылық туралы айту маңызды?

Жаңа деректер Еуропа мен Орталық Азиядағы жасөспірімдер арасында қорғалмаған жыныстық қатынастың жоғары деңгейде екенін көрсетеді, бұның денсаулық пен қауіпсіздік үшін айтарлықтай салдары болады.

Астана. 29 тамыз 2024 жыл – ДДҰ Еуропа аймақтық бюросының есебі жыныстық жағынан белсенді жасөспірімдер арасында презерватив қолдану 2014 жылдан бері едәуір төмендегенін, ал қорғалмаған жыныстық қатынас көрсеткіштері алаңдатушылық тудыратынын көрсетеді. Бұл жастар үшін жыныстық жолмен берілетін инфекциялар және жоспарланбаған жүктілік қаупін тудырады. Жаңа деректер «Мектеп жасындағы балалардың денсаулыққа қатысты мінез-құлқы» (HBSC) деген көп компонентті зерттеу аясында жарияланған, зерттеу кезінде 2014 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңде 42 елде және өңірлерде 15 жастағы 242 000 бала арасында сауалнама жүргізілген болатын.

Қорғалмаған жыныстық қатынастың ұзақ салдары

Қазақстанда ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы (ҚДСҰО) жүргізген зерттеу деректері бойынша жыныстық жағынан белсенді 15 жастағы жас жігіттердің 35%-ы қорғалмаған жыныстық қатынасқа түседі, бұл ДДҰ ескертетіндей, жастар үшін күтпеген жүктілік, қауіпті түсік тастау және жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды (ЖЖБИ) жұқтырудың жоғары қаупі сияқты ұзақ салдарға әкелуі мүмкін. Деректер қорғалмаған жыныстық қатынастың қатты жиілеуі сексуалды денсаулық саласында білім беруді қоса алғанда, тиісті жасқа кешенді жыныстық білім беруде және контрацепция түрлерінің қолжетімділігінде үлкен олқылықтардың болуын көрсетеді.

Презервативті аз қолдану алаңдатуда

2018 жылғы көрстекіштермен салыстырғанда Қазақстандағы жаңа деректер жыныстық қатынас кезінде презерватив қолдану туралы айтқан жасөспірімдер санының айтарлықтай төмендегенін көрсетеді. 2018 жылы 15 жастағы жас жігіттердің 71%-ы соңғы жыныстық қатынас кезінде презерватив қолданған болса, 2022 жылы олардың 60%-ы презерватив қолданған. Презерватив қолданудың төмендеуі жаппай етек алуда, бірнеше елдер мен өңірлерді жайлап жатыр, кейбір елдерде басқаларымен салыстырғанда күрт төмендеу байқалады.

Осыған байланысты, ҚР ДСМ «ҚДСҰО» Басқарма төрағасының орынбасары Салтанат Назарова былай дейді: «Мұндай алаңдатушылық тудыратын үрдісті жою және жастар арасында қауіпсіз жыныстық мінез-құлық туралы білімді арттыру бойынша мақсатты шараларға деген үлкен қажеттілік туындап отыр. Күтпеген жүктіліктің және жыныстық жолмен берілетін аурулардың алдын алу үшін қоғамдық денсаулық саласындағы мамандардың, медицина қызметкерлерінің, ұстаздар мен ата-аналардың алдында жастарға репродуктивті денсаулық мәселелері жөнінде ағарту жұмысын жүргізу міндеті тұр». Репродуктивті денсаулық жасөспірмдердің оңтайлы денсаулығы мен әл-ауқатын жақсартудың негізі болып табылады.

Есептен алынған негізгі қорытындылар, Қазақстан деректері:

• Презерватив қолданудың төмендеуі: соңғы жыныстық қатынас кезінде презерватив қолданған сексуалды белсенді жас жігіттердің үлесі 2018 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңде 71%-дан 60%-ға дейін төмендеген.

• Қорғалмаған жыныстық қатынастың жоғары көрсеткіштері: жасөспірімдердің үштен бір бөлігі (35%) соңғы жыныстық қатынас кезінде презервативті де, жүктіліктен қорғайтын дәрілерді де қолданбағаны туралы айтады, алайда бұл көрсеткіш (29%) 2018 жылдан бері жақсарды.

Жаппай жыныстық ағарту қажеттілігі

Зерттеу нәтижелері жастарды жаппай жыныстық ағарту және оларға ресурстар беру маңыздылығына баса назар аударады.

Утрехт университетінің өкілі, есептің бірлескен авторларының бірі доктор Маргрет де Лоозе былай деді: «Жасөспірімдер өздерінің сексуалды денсаулығына байланысты дәлелді шешімдер қабылдауы үшін білім және ресурстар алуға лайық. Бізде жасөспірімдердің сексуалды денсаулығы саласындағы нәтижелерді жақсартуға арналған дәлелдер, құралдар және стратегиялар бар, бірақ оларды іске асыру үшін саяси ерікті және ресурстарды қажет етеміз».

ДДҰ Еуропа аймақтық бюросы саясаткерлерді, педагогтарды және медициналық қызмет көрсетушілерді жасөспірімдердің сексуалды денсаулығын мынандай жолдар арқылы басты назарда ұстауға шақырады:

• Кешенді жыныстық тәрбиелеуге инвестиция салу: мектептерде ғылыми негізделген жыныстық ағарту бағдарламаларын енгізу және қаржыландыру. Бұл мақсатта Біріккен ұлттар ұйымы мекемелерінің және серіктестерінің консорциумы әзірлеген сексуалды білім берудің Халықаралық техникалық басқарушылық қағидаттары (ITGSE) негізгі рөл атқарады.

• Жастарға арналған репродуктивті денсаулықты қорғау бойынша қызметтерге қолжетімділікті кеңейту: жасөспірімдерді олардың нақты қажеттіліктеріне және таңдауларына сәйкес келетін репродуктивті денсаулықты қорғау бойынша құпия сақталатын, ашық және қолайлы қызметтерге қолжетімділікпен қамтамасыз ету керек. Қазақстанда мұндай қызметтер Жастар денсаулық орталықтарында көрсетіледі.

• Ашық диалог өткізуге жәрдемдесу: стигматизацияны азайту және хабардарлықты арттыру үшін отбасыларда, мектептерде және қауымдастықтарда сексуалды денсаулық туралы ашық және шынайы әңгімелесуге үндеу.

• Педагогтарды оқыту: тиімді және инклюзивті жыныстық білім беруді қамтамасыз ету үшін мұғалімдер мен медициналық қызмет көрсетушілерге арнайы дайындық жүргізу. Мұндай ресурстар мектепте де, мектептен тыс мекемелерде де қолжетімді болуы тиіс.

• Бұдан кейінгі зерттеулерді жүргізу: нысаналы араласулар туралы хабарлау үшін халықтың әртүрлі топтары арасында сексуалдық денсаулыққа қатысты мінез-құлықтағы айырмашылықтарды және презерватив қолданудың төмендеуінің себептерін зерделеу. Бұл жасөспірімдерге әлеуметтік желілерде және онлайн платформаларда ұшырасатын хабарламалар мен басқа контенттің қолжетімділігі мен әсер етуін ескере отырып, оларға талдау жасауды қамтиды.

Есеп мына сілтеме бойынша қолжетімді: https://iris.who.int/handle/10665/378547

Толық ақпарат алу үшін ҚР Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының баспасөз қызметіне және Қазақстандағы ДДҰ Елдік офисіне хабарласуға болады.

HBSC зерттеуі туралы

HBSC зерттеуі – ДДҰ Еуропалық аймақтық бюросымен бірлесіп жүргізілетін ұлтаралық зерттеу жобасы. Онда 11, 13 және 15 жастағы жасөспірімдердің денсаулығы, әл-ауқаты және әлеуметтік ортасы туралы анонимді сауалнама деректері жиналады. Қазақстанда 2017 жылдан бастап ҚДСҰО халықаралық зерттеу жүргізеді, 2018 және 2022 жылдары сауалнаманың екі раунды өткізілді. 2022 жылғы сауалнамаға Қазақстандағы 121 мектептен 8528 жас қатысты. Зерттеу жастардың денсаулығына әсер ететін факторлар туралы құнды ақпарат береді және олардың өмірін жақсартуға бағытталған саясат пен практика туралы мәлімдейді.