Буллинг — басқаны қорқытуға және сол арқылы оны өзіне бағындыруға бағытталған жүйелі қудалау, қорқыту, физикалық немесе психологиялық террор. Бұл саналы қатыгез қарым-қатынастың ұзақ процесі.
Өкінішке орай, бұл жанға жара салатын тәжірибе із-түзсіз жойылмайды және депрессия мен суицидтік ойларға дейін әкелетін балалардың психикалық денсаулығына жағымсыз әсер етуі мүмкін.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы жүргізген оқушылардың өз денсаулығы мен әл-ауқатына қатысты мінез-құлқын бағалау және мониторингілеу бойынша 2022 жылғы ұлттық зерттеу нәтижелері бойынша Қазақстандағы балалардың 17,5%-ы кемінде 1 рет, балалардың 6,8%-ы айына 2-3 рет және жиі буллингке ұшыраған. 11-15 жас аралығындағы балалардың 14,1 %-ы басқа балаларды бір реттен жиі буллингке ұшыратқан.
Ұлдар арасындағы буллингке қатысу көрсеткіштері қыздарға қарағанда жоғары. Буллинг құрбандарының ең жоғары үлесі 11 жастағы балалар арасында және 15 жасқа қарай есейген сайын төмендейді.
2022 жылы 11 жастағы ұлдар мен қыздар арасында буллинг құрбандарының үлесі (кемінде 2-3 рет) – 17,7%, ал 2018 жылы – 14%. Мұнда біз көрсеткіштердің 3,7%-ға өскенін көреміз.
Буллингтің алдын алуда ерте араласу өте маңызды, бала зорлық-зомбылықпен жалғыз қалмауы керек. Мұнда мұғалімдердің зейіні мен ұстанымы және ата ана мен бала арасындағы сенімді қарым қатынас өте маңызды.
Баланың буллингке ұшырағанының белгілері назар аудару проблемалары, жабығу, тұнжырап жүру, ашуланшақтық, сенімсіздік сезімі, сезімталдықтың жоғарылауы, асқазанның ауыруы, шаршау, тәбеттің болмауы, әлеуметтік байланыстардың аздығы, қорқыныш белгілері, мысалы, кеуде аймағындағы қысым, терлеу, арқаның, шүйденің, бұлшықеттердің ауыруы, ұйқының бұзылуы болуы мүмкін.
Егер сіз балаңызда осы белгілерді байқасаңыз, шұғыл шаралар қабылдау керек және ең алдымен мұғалімдерге хабарлау және психологтарды және қажет болған жағдайда ювеналды инспекция қызметкерлерін тарта отырып, бұл мәселені бірлесіп шешу қажет.
Бүгінгі таңда жасөспірімдер мен жастарды қолдау үшін, оның ішінде буллинг мәселелері бойынша жоғары білікті тегін медициналық-психоәлеуметтік және медициналық-әлеуметтік көмек көрсететін 157 жастар денсаулық орталығы (бұдан әрі – ЖДО) жұмыс істейді. ЖДО өз қызметінде денсаулықты сақтауға, жасөспірімдер арасындағы қауіпті мінез-құлықты төмендетуге, әлеуметтік сүйемелдеуге және олардың құқықтарын мейірімділік, қолжетімділік, еріктілік және сенім қағидаттары негізінде қорғауға бағытталған тиімді технологияларды пайдаланады.