Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шешімі бойынша жыл сайын мамыр айының үшінші жексенбісінде дүниежүзінде ЖИТС-тан қайтыс болғандарды еске алу күні өткізіледі.
ДДСҰ-ның бағалауы бойынша жер шарында 45 миллионға жуық адам АИТВ-инфекциясын жұқтырады және де бұл көрсеткіш күн сайын 14-15 мыңға артып отырады. АИТВ-инфекциясын жұқтырғандардың көпшілігі – 30-35 жасқа дейінгі жастар. Жыл сайын 5 млн. жуық адам ауру жұқтырады, ал 3 млн. астам адам жыл сайын осы аурудан қайтыс болады. Алайда, ғалымдардың пікірі бойынша, АИТВ жұқтырғандардың нақты саны тіркелгендер санынан шамамен 5 есе жоғары. ЖИТС-пен ауырғандардың шамамен үштен екі бөлігі Африкада тұрады.Қазіргі кезде АИТВ мен ЖИТС жыл сайын қоғамдық денсаулық сақтау саласында адамдарға белгілі ең қауіпті аурулардың қатарында тұр.
Бұл күннің негізгі мақсаттары:
– ЖИТС-тан қайтыс болғандарды еске алу,
– АИТВ-мен және ЖИТС-пен өмір сүретіндерге қолдау көрсету,
– санамызды өсіру және АИТВ/ЖИТС-пен байланысты стереотиптерді жою,
– қоғамды АИТВ/ЖИТС-пен күресуге жұмылдыру (өз жерінде, өз елінде АИТВ/ЖИТС салдарын азайту үшін адамдарды біріктіріп топтастыру).
ЖИТС-тан қайтыс болғандарды еске алу күні – АИТВ/ЖИТС мәселесіне немқұрайлы қарамайтын адамдардың күні, бұл күн – АИТВ жұқтырғандар кәдімгі адамдардан ешқандай айырмашылығы жоқ екенін, олардың да жұмыс істеуге, үй алуға және емін-еркін жүріп-тұруға құқы бар екенін ескерту күні. Бұл күні өткізілетін іс-шаралардың басты міндеті – бүкіл халықтың назарын осы мәселеге аудару, АИТВ жұқтырудан қорғану шараларын білмейтін немесе оларды орындағысы келмейтін кез келген адам бұл індеттен зардап шегуі мүмкін екенін ескерту.
Қазақстанда зиянды азайту тұжырымдамасының арқасында АИТВ жұқтырған көптеген адамдар толыққанды өмір сүруді жалғастыра отырып, күнделікті ем алады. АИТВ – мұнымен күресуді және алғашқы сатысында-ақ алдын алу жұмыстарын жүргізуді қажет ететін ауру.
АИТВ-мен ауыратын адамдар карьера жасап, дені сау балаларды дүниеге әкеле алады. Бұл жерде жалғыз жол – өмір бойы вирусқа қарсы ем алу қажет. 1998 жылдан бастап Қазақстанда мұндай ем тегін жүргізіледі. Қазақстан адамдардағы вирусты мүмкіндігінше ерте анықтауға бағытталған жұмыстарды жүргізуде. Елімізде зиянды азайту бағдарламасы, аурудың берілу жолдары және оның алдын алу құралдары туралы тұрғындардың хабардар болуын арттыру жөніндегі бағдарламалар жүзеге асырылады. АИТВ-мен өмір сүретін адамдар вирусқа қарсы ем алады. АИТВ-инфекциясының алдын алудың негізгі қағидаты қауіпсіз және жауапты мінез-құлық, салауатты өмір салты болып табылады.