НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сәуірдің екінші жартысында COVID-19 инфекциясына қарсы жаппай вакцина салу басталады. Осығай орай «ҚазАқпарат» ХАА әрбір екпе алушы білуі тиіс негізгі ережелер мен нормаларды маманның айтуымен ықшамдап беріп отыр.
Бұл ережелерді бізге Денсаулық сақтау министрлігінің қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқарма төрағасының орынбасары, медицина ғылымдарының кандидаты, эпидемиолог Айнагүл Қуатбаева түсіндірді.
1. Вакцина салғызушы өз статусын анықтауы керек
«Ең алдымен сіз арнайы қауіп-қатер топтарына жатпайтын адам болсаңыз өзіңіздің уческелік дәрігеріңізге телефон арқылы хабарласасыз. Ол сіздің статусыңызды анықтайды. Егер сіз бірінші шептегі қауіп-қатер тобына жатпайтын қарапайым тұрғын болсаңыз, вакцинаның қосымша партиясы келгенге дейін сізді тізімге алады.
Қазір емдік мекемелерде жергілікті халықтың санына қарай жоспар жасалып жатыр. Сол жоспар бойынша кезегіңіз келгенде сізді шақырады. Телефон арқылы немесе WhatsApp хабарлама арқылы байланысқа шығады.
Вакцина алғысы келгендер қоңырау күтіп отырмай, дәрігерге өздері хабарласуға болады. «Осы күнге дейін ешкім хабарласқан жоқ. Статусымды білейін деп едім» деп мән-жайды түсіндіресіз».
2. Келісілген уақыттан кешікпеңіз
«Тізімдегі кезегіңіз келгенде мамандар хабарласып, екпенің күні мен уақытын айтады. Сіздің бұл кездегі ең басты міндетіңіз – келісілген уақыттан кешікпей бару. Себебі, осынша еңбекпен келген вакцинаны ысырап етуге болмайды.
Кешікпеу неге маңызды? Өйткені вакцинаны ашқаннан кейін 2 сағаттың ішінде егіліп қоюы керек. Егер 2 сағаттан артық уақыт өтіп кетсе, ол вакцинаны біз автоматты түрде жоюға міндеттіміз. Яғни, құтысымен бірге арнайы дезинфекциялық препаратқа салынып, жойылады.
Вакцинацияға келген азамттардың бәрі ауырмаған, дені сау болуы керек. Үйден шығарда денеңіз дел сал болып, басыңыз ауырып, балтырыңыз сыздағанын байқасаңыз, созылмалы ауруларыңыздың өршу кезеңі осы сәтке сәйкес келіп қалса, дәрігерге жағдайыңызды айтып, келісілген уақытта бара алмайтыныңызды ескертуіңіз керек.
Вакцинация ерікті екенін де ұмытпау керек. Егер қаламасаңыз, дәрігер хабарласқан кезде дайын емес екеніңізді айтып бас тарта аласыз».
3. Вакцина алушы қандай құжаттарға қол қояды?
«Вакцинация жасаудың алдында өз еркімен екпе салынып жатқаны туралы қолхат алынады. Яғни, екпе алушы бір құжатқа ғана қол қояды. Оның алдында дәрігер осы жұқпаның не үшін өте ауыр өтетінін, оның алдын алудың ең тиімді жолы вакцина салу екенін түсіндіріп айтады.
Вакцина алғанда қандай қауіп-қатер бар, вакцина алмағанда қандай қауіп-қатер бар екені айтылады. Соның бәрі айтылғаннан кейін адам өз таңдауын айтып, қолхатқа қолын қояды. Содан кейін барып медициналық тексеруден өтеді».
4. Дәрігердің сұрақтарына ойланып, шынайы жауап беріңіз
«Әдейі қайталап айтып жатырмын, екпе алуға барған адамның сол сәтте денсаулығында кінәрат болмауы керек. Дәрігерлер екпе алушының міндетті түрде медициналық қараудан өткізеді. Нормативтік-құқықтық актілерімізде вакцина алуға келген адамдарға қойылатын арнайы сұрақтардың тізімі бар. Бұл сұрақтар міндетті түрде қойылады және олардың өз реті белгіленген. Осы сұрақтарға шынайы жауап беру керек.
Аллергиясы бар адамдарға теориялық тұрғыда вакцина салуға болады. Сондықтан спецификалық сұрақтар қою арқылы әр адамға индивидуалды түрде вакцина қоюға болатынын немесе болмайтынын анықтаймыз. Созылмалы аурлары болған науқастарға да арнайы сұрақтар қойып, ол сырқатының өршу кезеңі бар-жоғын анықтаймыз.
Әрине, дене қызуын, ықтималдығы жоғары ауру белгілерін, дененің бөртуін ескереміз. Мұрнын қарап, тамағындағы бадамша бездерінің күйін тексереміз. Көзіне қараймыз. Яғни көзге көрініп тұрған дене мүшелерінде қандай да бір өзгерістің бар-жоғы қаралады.
Жүрек-қантамыр, өкпе тыныс жолдарының және т.б. жүйелер аурулары бойынша есепте тұрған адамдар өзінің жақсы күйде жүргенін айтып келсе, дәрігерлер жүрегі мен өкпесін тыңдайды.
Осындай медициналық қарау арқылы вакцинацияға келгендердің ағзасында белгілі бір вакцинацияға кері көрсеткіштер анықталып жаста, оның бәрі медициналық құжаттарына жазылып көрсетіледі. Медициналық кері көрсеткіш уақытша немесе түбегейлі болуы мүмкін.
Вакцинация уақытымен қатар келуінің әсерінен болатын әртүрлі асқынулардың алдын алып, одан сақтандырудың бірден-бір жолы осы».
5. Екпе бөлмесінде нені ескеру қажет?
«Бұдан кейін маман екпе алушының амбулаториялық кітапшасына вакцинация алушының осы дәрігерге келген мезеттегі жағдайын түбегейлі сипаттап жазып, осы мезетте қажетті вакцинаның атын көрсетіп, осы вакцина алуға қарсы көрсеткіштері жоқ екендігін негізге ала отырып – рұқсат ететіндігі туралы жазба қалдырады.
Содан кейін ғана барлық қағазын ұстатып, егу бөлмесіне жібереді. Мұнда екпе салушы мамандар – медбикелер амбулаториялық картаға медициналық тексеру жасаған дәрігердің не деп жазғанын мұқият түрде оқиды.
Ол жерде азаматтың қай күні, қай сағатта келгені, дене темпертурасы мен медициналық қарауда анықталған статусын растайтын мәліметтері жазылады. Амбулаторлық картадағы келген азаматқа көрсетілген уақыт пен датасы және «Вакцина жасауға рұқсат етіледі» деген жазылуы керек. Егуші медбике осы картаға қарауы керек».
6. Медициналық тексеру қорытындысы бір күнге ғана жарамды
«Бірақ егу бөлмесіне бара жатқан жолда жұмысыңызға шұғыл шақырып қалып, кіре алмай кетуіңіз мүмкін. Келесі келгенде қайтадан дәрігердің қарауынан өтесіз. Ол міндетті. Сол үшін медициналық бақылаудан өткен уақыт амбулаторялық картада нақты жазылады.
Егу бөлмесіндегі медбике амбулаториялық картадағы уақыттың ескіргенін көрсе, статусыңызды нақтылауға қайта дәрігерге жібереді.
Өйткені кешегі болған денсаулық жағдайыңыз бен бүгінгі денсаулық жағдайыңыз сәйкеспеуі әбден мүмкін. Кеше дәрігерге қаралғанда сау боғаныңызбен, бір күннің ішінде көшеде вирус жұқтырған адаммен кездейсоқ контактіге түсуіңіз мүмкін. Сондықтан ертеңінде дәрігерге бармастан бірден егу бөлмесіне келсеңіз, өзіңізге де, басқаларға да қауіп төндіресіз деген сөз.
Біздің медбикелер ол жағын жақсы біледі. Ондайға жол берілмеуі керек. Оның бәрін кішкентай балаларға вакцина салған кезде мұқият түсіндіріп айтамыз. Ол тәртіпті егуге жауапты мамандар жатқа біледі және ересек азаматтарды егу барысында да сол тактика іске асырылады».
7. «Спутник V» иық бұлшық етіне салынады
«Спутник V» вакцинасы иықтың дельта тәріздес бұлшық етіне егіледі. Ол 2 этапта салынады. Бірінші және екінші этаптың арасында 21 күн өтуі керек. Ал белгілі бір жағдаймен 21 күннен асырып алсаңыз, 60 күнге дейін уақытыңыз бар. Яғни, екі этаптың арасында 60 күнге дейін аралыққа жол беріледі.
Соңғы зерттеу жұмыстарының қорытындысы бірінші жасаған вакцинадан кейін ағзада пайда болған антиденелердің иммундық қабілеті 60 күн бойы жоғары деңгейде сақталатынын көрсетті».
Әлі де болса, ғылыми жұмыстардың жалғасуына байланысты, екі вакцинаның аралығы 60 күннен асса, қайтадан бірінші этаптан бастау керектігі ғылыми тұрғыдан дәлелденген жоқ».
8. Қазақстан аумағында корнавирусқа қарсы ақылы вакциналау заңдастырылмаған
«Пандемияның кезінде бұл вакцина арнайы Үкімет тарапынан бөлінген ақшаға сатып алынып отыр. Сол үшін вакциналауға шақырылған азаматтардың барлығына тегін жасалады.
Ал егер біреу «Біздің мекемемізде ешқандай кері әсері жоқ, тиімділігі жоғары керемет ақылы вакцина бар» десе, ойлануыңыз керек. «Бұл қайдан келген батпан құйрық? Сол мезетте құзырлы органдарға хабарласып, анық-қанығын біліп беріңіз» деп қызығушылық білдіруіңіз қажет.
Коронавирусқа қарсы ақылы түрде вакцина салу елімізде заңдастырылмаған. Басқа вакциналарды ақылы салғызуға болады. Бірақ коронавирус вакцинасын ақылы түрде салу заңдастырылмаған. Себебі үкімет тарапынан орталықтандырылған жүйемен, тексеруден өткен, күмәнсіз вакцинаны алып отырғандықтан ол мемлекеттік медицина мекемелерінде ғана ақысыз жасалу қарастырылған.
Бүгінгі таңда ақылы түрде вакцинациялауды ұйымдастыру вакцинациямен қамтамасыз етілетін адамдарды жоғары деңгейде қамтуға кері әсерін тигізеді және вакцинаның эпидемиологиялық ахуалға тиімдігін төмендетеді».
9. Қандай мекемелер вакцина салуға құзырлы?
«Вакцина егуге рұқсаты бар мекемелердің тізімін жергілікті денсаулық сақтау басқармалардың сайттарынан қарауға, ал ол жерден қарауға мүмкіндігіңіз болмаса, учаскелік дәрігеріңізден біле аласыз.
Елімізде вакциналау жасамайтын емхана жоқ деуге болады. Емханалардың барлығында вакциналау бұрыннан жасалады. Тіпті жарақат пунктінде де вакцина салынады.
Стационарлар мен оңалту орталықтарында ғана жасалмайды. Қажет боп жаста, жергілікті басқарманың шешімімен ол мекемелерді де жабдықтауға болады.
Бүгінгі күні елімізде 600-ден астам егу пунктері дайындалған. Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметінің өкілдері екпе жасайтын пунктердің нұсқауларға сәйкестігін мониторингтеп отырады.
«Спутник V» -18 градуста сақталуы керек. Ең бірінші осы температуралық тізбек сақталуы қадағаланады».
10. Кіші медициналық персонал вакцина сала алмайды
«Нормативтік-құқықтық актілеріміз бойынша, оқыған, үйренген, арнайы рұқсаты бар медицина қызметкерлері ғана вакцинация жасай алады. Кіші медициналық персонал вакина сала алмайды. Қарапайым тілмен айтсақ, техничкалардың вакцина жасауға құқығы жоқ.
Негізінен медбикелер жасайды. Дәрігер де жасауы мүмкін. Бірақ көбіне жылына бір рет емтихан тапсырып, қолына рұқсат қағаз алған медбикелер жасайды.
11. Вакцина алған адам неше сағат жұмыстан босатылады?
«Вакцина ерікті түрде салынатын болғандықтан, мекемелердің басшыларын хабардар етіп жатырмыз. Егер үлкен мекеме болса, ол жердің өзінде егу пунктерін ұйымдастыру тапсырылып жатыр.
Екпе алғаннан кейін қызметкер жарты сағат отырып, түбегейлі жұмысына кірісіп кете береді. Вакцина алып болғаннан кейін ауыр жұмыс істемеу керек деген талап жоқ. Жұмыс беруші үйге жіберемін десе, оны өзі шешеді. Біздің тарапымыздан ондай нұсқау берілмейді.
12. Екпе салатын маманның міндеті
«Ең бірінші медбике келген адамның амублаториялық картасын қарап, аты-жөнін нақтылайды. Ол мәліметтердің келген кісінің төл құжатына сәйкес болуы да көзделген. Бағана айтқанымдай, амбулаториялық картадағы мәліметтер вакцина алушының бүгінгі күніндегі жағдайына сай келуі қажет.
Сосын барып медбике вакцинаны шығарады. 3 мл-лік бір құтыны 5 адамға 0,5 мл дозадан егеміз. Ең бірінші келген адамның көзінше құтының сыртына қабырға сағаттағы уақыт пен дата жазылады. -18 гардус суықтан шығарылған вакцина медбикенің алақанында 2-3 минуттың ішінде ериді.
Екіншіден бастап бесінші адам келгенге дейін құтының сыртындағы уақыт пен қабырға сағатындағы уақыт салыстырылып отырырлады. Екі сағаттан бір минут та асып кеткен болса, жаңа құты әкелуді талап етуі керек. Өйткені құты ашылағаннан кейін 2 сағат ішінде вакцина салынып бітуі керек.
13. Вакцина бір реттік шприцпен егіледі
«Медбикенің қолында қолғап, бетінде маска болуы керек. Вакцина бір реттік шприцпен салынады.
Медициналық столға қойып, келушінің қолын дайындайды. Қолын дайындап болғанша өзін-өзі блоктайтын немесе өздігінен деформацияға ұшырайтын шприц пайдаланылып жатқанын айтады. Вакцинаны инемен тартудың алдында құтының қалпағын шешеді. Қалпағын шешкен кезде орнын бір рет сприттік салфеткамен сүртіп алады.
Бір құтыда 3 мл вакцина бар. Сонда 0,5 миллилитрден дегенде 6 доза болады. Бірақ біз 5 адамға ғана жасаймыз. Өйткені әр дозаны тартқан сайын шприц ішінде ауа қалмас үшін болымсыз порциясын шығарып отырылады.
Ол шығарылған аздаған мөлшерінің сыртқы ортаға ешқандай қаупі жоқ. Ауада қалса да, жерге түссе де зиян келтірмейді. Оған қосымша егу пунктерінде тазалау өңдеу жұмыстарына да көп көңіл бөлінеді.
14. Екпеден кейін 30 минут мамандардың бақылауында болыңыз
«Доза шприцке тартылғаннан кейін медбике қолына тағы бір спирттік салфетканы алып, иықтың ине салатын жерін сүртеді. Осыдан кейін екпе салынады. Екпе салынғаннан кейін ине кірген орынға бактерия түсіп кетпеуі үшін пластырь жапсыруға болады. Бірақ оны уақытша жасау керек немесе спирттік салфеткамен басып тұруға да болады.
Орнынан қозғап, ары-бері сүртудің қажет жоқ. Вакцинациялаудан кейін азаматтың жағдайын кайта сұрап, вакцинация туралы мәліметтер қажетті медициналық құжаттарға және компьютерлік деректер жүйесіне енгізіледі.
Салып болғаннан кейін медбике келушінің жағдайын сұрауға міндетті, себебі вакцинациядан кейінгі жағдайы да қажетті мәлімет, ол да құжатқа мінетті түрде жазылады.
1-2 минут өткеннен кейін қолды түсіріп, келесі бөлмеде 30 минут күту керек. Вакцина салынған адамдардың екпе алғанын растайтын қағаздан жасалған бейдж тағамыз.
Кейбір мемлекеттер білезік тағып, тұмарша іліп жатады. Оның бәрі де белгіленген тәртіпке байланысты. Вакцина алған адам алмаған адаммен қарым-қатынаста болмайды.
Екі топ бөлек-бөлек күтуі керек. Ең бірінші бұл бүгінгі күнгі әлеуметтік дистанция талабы, сонымен қатар вакцина алуға келген азаматтарымыздың психологиялық жағдайын да ойластыруымыз қажет.
Яғни, вакцина алған адамның аузынан шыққан әрбір сөз егілмеген адамға әр түрлі әсер етуі мүмкін. Кейбір әзілқой жастар әдейі қорқытып айтуы мүмкін дегендей. Екпеден кейін келуші 30 минут күтіп барып, тысқа шығады. Одан ерте кетуге рұқсат бермейміз».
15. Мамандар сізді 3 күн бойы қашықтан бақылайды
«Үй жағдайында медицина қызметкерлері күніне бір рет хабарласып, жағдайын сұрайды. Бейнеқоңырау арқылы да байланысқа шығуы мүмкін.
Үйге барып вакцина салу қарастырылып жатқан жоқ. Егер ондай өтініш болса, индивидуалды түрде жергілікті медициналық мекеменің қадағалауымен, рұқсатымен жасалуы керек. Бүгінде ондай қажеттілік туындап отырған жоқ. Қажеттілік туындап жатса, жан-жақты ойластырылып барып шешім қабылданады».
16. Коронавируспен ауырған адамға 6 ай бойы вакцина салуға болмайды
«Ғалымдар корнавирус инфекциясы жұққаннан кейін пайда болатын антиденелер 3-6 айдың арасында түгел жойылатынын дәлелді. Яғни вирус жұқтырып ауырған адам 6 айға дейін вакцина салдыра алмайды. 6 ай өткеннен кейін ғана салдыруы керек. Қазіргі мәлімет бойынша осындай талап бар.
17. 18-ге толмағандар неге вакцина салғыза алмайды?
«Жүкті әйелдерге және жасы 18-ге толмаған адамдардың вакцина алуға мүмкіндігі жоқ. Себебі олар вакцина сынағына қатысқан еріктілер қатарына алынған жоқ. Зерттеу барысында оларға вакцина салынып, тексерілген жоқ.
Сөз соңында Айнагүл Қуатбаева өзінің вакцина салғызғанын айтты.
«Менің өзім вакцина салдырғандар қатарына жатамын. Мен вакцина саласында жұмыс істеп жүрген адам болғандықтан, өзімнің отбасыма қолжетімді вакцинаның бәрін салғызуға тырысамын», – деді эпидемиолог.
Дереккөз: https://www.inform.kz/kz/vakcina-alatyn-adam-neni-bilui-kerek_a3772023