2021 жылы 25 ақпанда «Биологиялық қауіпсіздік бойынша Герман-қазақстандық ынтымақтастық» жобасын сараптаушылардың кездесуі өтті.
Бұл жоба Герман биоқауіпсіздік бағдарламасы аясында жүзеге асырылады, оны бүкіл әлем бойынша қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы күрес мақсатында Германияның Сыртқы істер министрлігі қолдайды.
Іс-шараға ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директорының м.а. Жәмила Баттакова, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығының» бас директоры Қанат Балықбаев, Бундесвер микробиология институтының (Германия) басшысы Д-р Сандра Эссбауэр, жоба үйлестірушісі (ИМБ) Лукас Пайнтнер және т.б. қатысты.
Кездесу барысында қатысушылар ғылыми-зерттеу жұмысын, атап айтқанда жобаны іске асырудың үшінші кезеңін талқылады.
Жәмила Баттакова халықаралық стандарттарға сәйкес ғылыми салада өзара байланысты нығайту және аса қауіпті жұқпалы аурулар диагностикасы мен биологиялық қауіпсіздік саласында PhD докторанттарын дайындау үшін бірлескен ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде доктор Сандра Эсбауэр бұл жоба халықаралық PhD бағдарламасы аясында қазақстандық ғалымдардың, зертхана мамандары мен дәрігерлердің биоқауіпсіздік саласындағы әлеуетін арттыруға ерекше назар аударатынын атап көрсетті. Екі жақ та серіктес институттар үшін олардың әлеуетін арттыру мақсатында тренингтер өткізуге ниетті.
Кездесу соңында тараптар ағымдағы жылдың сәуір айында Қазақстан Республикасында биологиялық қауіпсіздік және денсаулықты қорғау бойынша халықаралық ғылыми симпозиум өткізуге келісті.