Вирустық гепатит – әртүрлі вирустардан туындайтын жұқпалы аурулардың үлкен тобы, бауырдың зақымдануымен сипатталады, бірақ бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленеді. Барлық гепатиттердің ішінде А вирустық гепатиті жиі кездеседі.
А вирустық гепатитімен тек адам ауырады және науқас адамнан ғана жұғуы мүмкін. Бұрын ауырмаған және А вирустық гепатитіне қарсы егілмеген кез келген адам бұл аурумен ауырып қалуы мүмкін.
А гепатитінің кез келген түрімен ауыратын науқас айналадағыларға ауру жұқтыруы мүмкін екендігін біліп, есте сақтау қажет. Бұл ретте, сырқат адам аурудың клиникалық белгілері пайда болғанға дейін бірнеше күн бұрын айналасындағыларға қауіпті болады. Айналасындағыларға гепатиттің сарғаю белгісі жоқ (симптомсыз) түрімен ауыратын науқастар қауіпті, өйткені олар клиникалық белгілері көзге көрінбей ауруға шалдығады, бірақ вирус бөледі.
– Науқас адамнан вирус нәжіспен шығады, вирус бөлшектері лас қолмен, тамақ өнімдері және су арқылы адамның асқазан-ішек жолдарына енген кезде ауру жұғады. Ауыру үшін вирустың бір бөлшегі жеткілікті. Тамақтан болатын ауру өршіген кезде, көбінесе термиялық өңдеуден өтпеген теңіз өнімдері, мұздатылған көкөністер мен жемістер жұқтыру факторы болып табылады, – дейді Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының инфекциялық және паразиттік аурулардың алдын алу басқармасының басшысы Манар Смағұл.
А гепатитінің инкубациялық кезеңі шамамен 30-50 күнді құрайды. Көбінесе балалар ауруға шалдығады, әдетте симптомсыз өтеді, тек 10%-ында денесі сарғаяды. Үлкен жастағы адамдарда ауру ауыр түрде өтеді және қайтыс болу жағдайы артады. Симптомдары – дене қызуының көтерілуі, әлсіздену, тәбеттің жоғалуы, диарея, жүрек айну, іштің айналасында қолайсыздықты сезіну, зәрдің қараюы және дененің сарғаюы (терінің және көз белоктарының сарғаюы).
А вирустық гепатитімен ауыратын науқастардың көпшілігі толық жазылады, өмірлік иммунитет қалыптасады, бірақ өліммен аяқталатын ауыр фульминантты түрлері де кездесіп жатады. А гепатитінен кейін асқыну болмайды, ауру созылмалы түрге өтпейді.
Мемлекеттік деңгейде алдын алу шараларының бірі – елді мекендерді абаттандыру және суды дайындау сатысында тазартудың тиімді тәсілдерін қолдану.
Бірақ ең тиімді шара – профилактикалық екпе күнтізбесіне енгізілген арнайы иммундау. 2 жастан бастап екпе жүргізіледі, иммундау курсы 6 ай аралықпен 2 екпеден тұрады.
Мына қарапайым гигиена ережесін сақтау қажет:
– дәретханаға барғаннан кейін және тамақтанар алдында қолды жуу
– су ішу үшін бөтелкедегі немесе қайнатылған суды пайдалану
– көкөністер мен жемістерді мұқият жуу.