Арыстағы апат Қазақстан халқының, оның ішінде дәрігерлердің де біздің халқымызға тән ұйымшылдығын, бірлігін, адамгершілігін, қайырымдылығын, мейірімділігін көрсете білді.
Шымкент қаласындағы Теміржол ауруханасының дәрігерлері тәулік бойы түсіп жатқан Арыс қаласы тұрғындарының өмірін құтқаруда.
Арыс қаласының тұрғыны, төртінші баласына жүкті көпбалалы ана Әйгерім Алмаханова үйі толығымен қопарылып, түгі қалмағынын айтып берді. Есеңгіреген күйде бала-шағасын алып қашқан оны жол-жөнекей кетіп бара жатқан адамдар Шымкентке дейін жеткізіп тастаған. Босануына мерзімі жақындаған әйел жолда босанып қаламын деп қатты қорыққан. Бақытына орай, өзінің де іштегі баласының да қазір жағдайлары жақсы.
Ол Шымкент қаласындағы Теміржол ауруханасының дәрігерлеріне көрсеткен көмектері, кәсіби шеберліктері, шапшаңдығы және мейірімділігі үшін үлкен ризашылығын білдіруде.
Дәрігерлер қорқыныш, уайым, организмге түскен үлкен жүктеме сынды қауіп факторларын жоюға бағытталған барлық шаралар кешенін жүргізді.
Бұл медициналық ұйымдар өткізетін профилактикалық жұмыстағы тиімділіктің, алдын алу шараларының маңыздылығын растайды. Тұрғындар скринингтік тексерулерден уақытылы өту, салауатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану және зиянды әдеттерден бас тарту, ал жүкті әйелдер – жүктілігі бойынша есепке уақытылы тұру арқылы аурудың алдын алу қажет екендігін түсінулері қажет.
Сондай-ақ Арыс қаласының дәрігерлері секілді, олардың Ордабасы ауданындағы, Түркістан, Кентау және Шымкент қалаларындағы, Жамбыл облысындағы, санитариялық авиациядағы әріптестері күндіз-түні зардап шеккендерге қажетті медициналық көмек көрсетуде.
Дәрігерлер үшін құтқарылған адамдардың, олардың жақындары мен туыстарының алғыстарын алу – үлкен мәртебе. Олардың қайырымды жұмыстары мен мейірімді жүректері құтқарылған адамдардың ризашылығы мен сүйіспеншілігіне толы болсын!