Бүгін Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы «Атакент» көрме кешенінде көшеден тамақтанудың қауіпсіздігіне бағытталған акция өткізді.
Іс-шара медициналық-санитариялық алғашқы көмек мәселелеріне арналған «Денсаулық баршаға» VI Халқаралық конгресі шеңберінде өткізілді.
Оңтүстік астананың тұрғындары мен қонақтарына көшеден тамақ ішіп, уланған адамға шұғыл көмек көрсетуге қатысу ұсынылды. Форум-театрда, жіті уланудан зардап шеккен адамның рөлін ойнаған әртіске барлық ниет білдірген адамдар көмек көрсете алды. Осылайша, мамандар қатысушы адамдарға күнделікті көшеден тамақтанудан гөрі дұрыс, пайдалы тағамды тұтынудың маңыздылығын айтып өтті.
Әдетте, фастфудты тезірек жүрек жалғап алу мақсатында сатып алады. Мұның қатарына стрит-фуд (ағылшын тілінен street – көше) деп аталатын ұғымды жатқызуға болады – яғни, көшелерде, дүңгіршектерде, палаткаларда сатылатын түрлі тіске басарлар. Мамандар жиі фастфудпен тамақтану салдарынан түрлі және үйлесімді ас үлесін қамтамасыз ету мүмкін емес екендігін айтты.
Тез әзірленетін тағамның құрамында натрий, консерванттар, трансмайлар мен холестериннің құрамы өте көп. Мұндай тағамды ұзақ мерзім бойы тұтыну жоғары қан қысымы, жүрек ауруы, семіздік сияқты денсаулыққа зиянды мәселелерге әкелуі мүмкін. Бұл аурулар Қазақстандағы өлім-жітім көрсеткішінде бірінші орында тұр. Әлем бойынша әрбір 5-ші өлім дұрыс тамақтанбау салдарынан орын алады.
Көшеден тамақтанудың тағы да бір қауіптілігі – антисанитария және пайдаланылатын азық-түліктер сапасының төмен болуы. Бұлардың барлығы денсаулыққа, әсіресе көшеден көп тамақтанатын жастар мен жасөспірімдердің денсаулығына өте зиянды.
Өз денсаулығымызға ешбір залал келтірмей, әрқайсысымыз жасай алатын бірнеше қарапайым шараларды ұсынамыз:
1. Көбірек су ішіңіз, кейде қатты шөлдеу де аштық сезіміне әкеледі.
2. Асты үйде әзірлеп, оны өзімен алып жүруге тырысыңыз, сонда өзіңіз әзірлеген тағамның қауіпсіз екендігін біліп жүресіз.
3. Үйде ас әзірлей алмаған жағдайда, көшеден пайдалы тіске басарлар сатып алуға тырысыңыз – жаз мезігілінде көбірек жеміс-жидектер алып жеу мүмкіндігін жіберіп алмаңыздар.
4. Ас мөлшерін бақылаңыз – мейрамханадан ас ішетін болсаңыз, аз мөлшердегі асқа тапсырыс беріңіз және тойып жемеңіз. Егер зиянды тамақтан бас тарта алмасаңыз, онда оны жеңілдетсеңіз болады: мысалы, газдалған сусынның орнына ауыз суын пайдаланыңыз және қуырылған картоп жемей-ақ қойыңыз.
5. Ас үлесіңізді мүмкіндігінше өзгертуге тырысыңыз – оған көбірек көкөністер мен жеміс-жидектерді қосыңыз.
Өзіңіздің және жақындарыңыздың денсаулығына жауапты болыңыздар!