2019 жылғы 17 мамырда сағ. 15.00-ден 17.00-ге дейін ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясы 72-сессиясының қарсаңында Қабанбай батыр даңғылы, Түркістан көшесі, №24 және 26 көшелері периметрі бойынша орналасқан астананың Ботаникалық бағында «Сөзден іске/WalktheTalk» дәстүрлі акциясын өткізеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының штаб-пәтері ұйымдастырған осындай жаһандық акция биылғы жылғы 19 мамырда Женева қаласында (Швейцария) өтеді.
Іс-шараның мақсаты: денсаулық құндылықтарын тарату, елімізде қоғамдық денсаулықты сақтау үшін барлық мүдделі тараптардың күштерін біріктіру, денсаулықты нығайту мақсатында «Денсаулық – барлық адамдарға/ Health for all» аясында Ғаламдық қозғалысты қолдау, өмір бойы физикалық белсенділіктің деңгейін сақтау.
Акцияға ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов, сондай-ақ еліміздің ең алғашқы Денсаулық елшілері: «Қарақат» эксклюзивті музыкалық мектеп-студиясының жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қарақат Әбілдина, Гиннес рекордтар кітабына рекорды 7 рет енген, әлемдегі ең үлкен шөлдерді жүгіріп өткен жалғыз адам Марат Жыланбаев қатысады.
Бағдарламада: 3 және 5 км қашықтықта жүгіру, сондай-ақ, скандинавтық жүгіру.
Биыл 13 және17 мамыр аралығында Еуропалық денсаулық сақтау апталығы атап өтілетінін айта кету керек. 25-тен астам елде халықтың денсаулығы туралы хабардар болуын арттыру үшін 70-ке жуық іс-шара өткізіледі. Әрбір күн әр түрлі тақырыптарға арналған, олар:
– дене белсенділігін арттыру,
– салауатты қоршаған орта,
– дұрыс тамақтану,
– жастардың психикалық денсаулығы және т.б.
Қазақстанда алғашқы акция 2030 жылға дейін Астана декларациясы қабылданған МСАК бойынша Жаһандық конференция аясында Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтановтың, ДДСҰ-ның Бас директоры Тедрос Гебрейесустың, ЮНИСЕФ-тің Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша өңірлік директоры Афшан Ханның, ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың қатысуымен 2018 жылғы 24 қазанда өткен болатын.
Қаланың барлық тұрғындары мен қонақтарын «Сөзден іске/ WalktheTalk» акциясына қатысуға шақырамыз.