ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы және «Астана» оқу-клиникалық орталығы арасында қол қойылған ынтымақтастық туралы Меморандумның шеңберінде, 2019 жылғы 19 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласының MEGA Silk Way сауда, ойын-сауық орталығында (СОО) астанамыздың барлық ниет білдірген тұрғындары мен қонақтары үшін «Сен өмірді құтқара аласың!» атты тегін шеберлік сыныбы өткізіледі.
Әрбір адам алғашқы медициналық көмек көрсете білуі қажет: жарақатқа таңғышты дұрыс байлау немесе сынған жерге шендеуіш тарта білуі, қолдан демалдырып, жүрекке жанама массаж жасай алуы керек.
Бір күні мұндай көмек ата-аналарыңызға, жолдасыңыз немесе жұбайыңызға, ұл-қыздарыңызға, туыс-жақындарыңызға және достарыңызға жедел жәрдем келгенше қажет болуы мүмкін.
Сондықтан, шеберлік сынып барысында СОО келушілері алатын машықтар бір күні біреудің өмірін құтқарып қалуы әбден мүмкін.
Ниет білдірген барлық адамдар кенеттен жүрек қызметі тоқтап қалған кезде дереу әрекет ету алгоритмін, жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендерде, механикалық асфиксия (жоғары тыныс алу жолдарындағы бөгде дене) кезінде бірінші көмек көрсетуді және т.б. үйренетін болады.
Өткізу орны: Нұр-Сұлтан қ., Қабанбай батыр даңғылы 62, MEGA Silk Way сауда, ойын-сауық орталығы.
Өткізу күні мен уақыты: 2019 жылғы 19 сәуір, сағат 15.00.
БАҚ өкілдері шақырылады. Журналистерді тіркеу 18 сәуір, сағат 12.00-ден бастап 18.30-ге дейін, 19 сәуір 10.00-ден бастап 12.00-ге дейін жүргізіледі.
Қатысу туралы ақпаратты: press.ncoz.mz@gmail.com электрондық мекенжайына жіберу қажет, тел.: 954151.