ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының қызметкерлері 2019 жылғы 8 сәуірден бастап 10 сәуір аралығында АҚШ Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы (CDC) ұйымдастырған «Қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлар қаупі кезіндегі коммуникациялар» атты оқыту семинарына қатысты.
Семинарды өткізудің мақсаты – қоғамдық денсаулыққа төнген қауіпке жылдам әрі тиімді әрекет ету үшін дағдарыс және қауіп-қатер кезіндегі коммуникация қағидаттарын қолдануға әр түрлі мемлекеттің қатысушыларын оқыту болып табылды.
Семинар барысында қатысушылар төтенше жағдайлар қаупі болған кездегі коммуникацияның не екендігін және олардың денсаулық сақтау саласындағы маңыздылығын, атап айтқанда ТЖ қаупі туындаған кезде халықты дұрыс ақпараттандыру және ақпаратты қалай ұсыну керектігі жөнінде көп мәліметтер алды.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мамандары семинардан меңгерген білімдерін биологиялық, химиялық және радиологиялық сипаттағы қоғамдық денсаулық саласындағы төтенше жағдайларға денсаулық сақтау органдарының басқа мүдделі органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауда жедел әрекет етуі үшін, үкіметтің Халықаралық медициналық-санитариялық қағидалар және Жаһандық денсаулықты қорғау бағдарламасының талаптарын іске асыруы мақсатында ҚДСҰО базасында құрылған ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қоғамдық денсаулық саласындағы төтенше жағдайлар жөніндегі оперативтік орталығының қызметінде пайдалана алады.
Оперативтік орталықтың негізгі миссиясы халықтың саулығын, адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғау және төтенше жағдайлардың жағымсыз салдарларын барынша азайту мақсатында қоғамдық денсаулық саласындағы төтенше жағдайларға дайындықты қамтамасыз ету болып табылатынын атап өту қажет.
АҚШ Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы (Centers for Disease Control and Prevention, CDC) — АҚШ Денсаулық сақтау министрлігінің федералдық агенттігі екендігін еске саламыз. CDC эпидемиялық инфекцияларды, нәрестелер патологиясын, түрлі ауруларды, мүгедектік мәселелерін, кәсіби патологияны, қоршаған ортаның ластануымен, биотеррорлық қауіппен байланысты денсаулық проблемаларын зерделеу мен олардың алдын алу бойынша әлемде маңызды рөл атқарады.