Мен Қазақстанның Денсаулық елшісі ретінде ғана емес, әке ретінде, жалпы ұлтын, елін сүйетін азамат ретінде еліміздің бүгіні мен ертеңі – балаларымыздың денсаулығына қатысты қейбір мәселелерге тоқталғым келеді.
Балалармен ойын-сауық және сауда орталықтарына бара қалсаң, үнемі фастфуд, тәтті газдалған сусындар сататын тамақтану орындарында ұзынынан ұзак созылған кезектерге куә боласың.
Әрине, ол тағамдардың тауарлық түрі тартымды, олар жағымды хош иіс және айқын дәмділігімен қызықтырады. Бірақ біздің, әсіресе балалардың ағзасына жағымсыз әсер ететінін, тәуелділік тудыратынын біріміз біле тұра, біріміз білмей сатып алып жатамыз.
Сондықтан, денсаулыққа зиян тамақты біз ересектер өзіміз тұтынбай, дұрыс тамақтануды өзімізден бастап бала-шағамызға үйретуіміз керек. Себебі, олар бізді қайталайды. Балаларымыздың дендерінің сау болуына ықпал етейік.
Тағы да бір айта кететін жайт, кейінгі кезде балаларымыздың, тіпті қаршадай балапандарымыздың да қолынан ұялы телефон немесе планшет түспейді. Қазіргі заманғы гаджеттердің жиі және ұзақ қолданылуы бала бас миының қызметіне, зейін қою және оқу қабілетінің нашарлауына әкеледі. Ойын алаңында емес, экранның алдында көп уақыт өткізетін балалар көбінесе артық салмақ пен семіруден зардап шегеді, көз, тірек-қимыл жүйесі ауруларына шалдығады, сөйтіп тәуелділікке ұшырайды.
Жасыратыны жоқ, кейбір ата-аналардың өздері гаджетті қолынан тастамаса, үнемі әлеуметтік желілерде отыратын болса, бала да қайталап, соны жасамай ма?
Ең маңыздысы – өзіміз үлгі болып, уақыт тауып, балаларымызбен серуендеуге, табиғат аясына шығуды әдетке айналдырсақ, әлдеқайда дұрыс.
Әр адам, өзінің, ұрпағының аман-сау болуы өз қолында екенін білуі тиіс. Денсаулыққа адамның өмір сүру салты, тұтынатын тағамы, дене белсенділігі, зиянды әдеттері тікелей әсер ететіндігін ұмытпағанымыз жөн.
Сіздерді дене белсенділігіне, дұрыс тамақтануға, зиянды әдеттерден мейлінше аулақ болуға шақырамын.
Аман болайық, ағайын!