Бүгін ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығында Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттердің денсаулық сақтау министрліктерімен ұсынылған Қоғамдық денсаулық сақтау институттары желісі шеңберінде «Инфекциялық емес аурулардың профилактикасы. Қазақстандағы қоғамдық денсаулық сақтау қызметі» тақырыбында вебинар өтті.
Инфекциялық емес аурулардың алдын алу департаментінің директоры Жанар Тюлюбаева өз баяндамасында инфекциялық емес аурулардың мониторингісінің негізгі статистикалық деректері туралы айтты.
Ол «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының қоғамдық денсаулық сақтау жүйесін дамытуға, аурулардың алдын алу мен басқаруды жетілдіруге бағытталған мақсаттарына, Қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің тиімділік көрсеткіштеріне және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Қоғамдық денсаулық сақтау қызметі» жобасы аясындағы моделін іске асыру механизміне тоқталды.
Жанар Тюлюбаева инфекциялық емес аурулардың деңгейін төмендетуде алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетудің рөлі туралы айтты.
Бұдан басқа, ДДСҰ-ның «Салауатты қала» жобасын жүзеге асыру мәселесі қозғалды.
Вебинар онлайн-тұсаукесер арқылы тыңдаушыларға Қазақстанның қоғамдық денсаулық сақтау қызметін қалыптастыру туралы көптеген қызықты ақпарат алу үшін мүмкіндік берді.