Национальный центр общественного здравоохранения

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасына тұжырымдама

1. Заң жобасының атауы
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң жобасы).
2. Заң жобасын әзірлеу қажеттілігінің негіздемесі
Заң жобасы Мемлекет басшысының 2016 жылғы 14 маусымдағы № 01-7.6 (ПӘ) хаттамалық тапсырмасының 3.11-тармағын орындау мақсатында, соған сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (бұдан әрі – МӘМС) бойынша төлем мерзімдері 2018 жылғы 1 қаңтарға ауыстырылады, сондай-ақ Президенттің 2016 жылғы 15 қаңтардағы № 176 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын және Премьер-Министрдің орынбасары Б. М. Сапарбаевтың «Оқушыларға медициналық қызмет көрсетуді білім беру жүйесінен денсаулық сақтау жүйесіне беру мәселелері  туралы» 2015 жылғы 15 маусымдағы № 20-5/И-373 хаттамалық тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленді.
Сәйкесінше, аударымдар мен жарналарды төлеу мерзімін, сондай-ақ МӘМС жүйесі қызмет етуінің басталуын қайта қарау ұсынылған.
Осылайша, мемлекеттің МӘМС-қа Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына (бұдан әрі – Қор) жарналары 2017 жылғы 1 шілдеден 2018 жылғы 1 қаңтарға ауыстырылды.
Жұмыс берушілердің, дара кәсіпкерлердің, жекеше нотариустардың, жеке сот орындаушыларының, адвокаттардың, кәсіби медиаторлардың, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кіріс алатын жеке тұлғалардың Қорға аударымдары мен жарналары 2017 жылғы 1 шілдеден 2018 жылғы 1 қаңтарға ауыстырылатын болады.
Жеке тұлғалардың МӘМС жүйесінде медициналық көмек алуға және денсаулық сақтау ұйымын таңдауға құқығы, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңның 5, 6, және 7-баптарында көзделген,  МӘМС жүйесінде алатын медициналық көмектің көлемін айқындау сондай-ақ қолданысқа 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізіледі.
Осыған байланысты «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңға тиісті түзетулерді көздеу қажет.
Мерзімдерді ауыстыру ұсыныстарына байланысты «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына өзгерістер енгізу талап етіледі.
Бұған қоса, Премьер-Министрдің орынбасары Б. М. Сапарбаевтың  2015 жылғы 15 маусымдағы   № 20-5/И-373 көрсетілген хаттамалық тапсырмасына сәйкес Білім және ғылым министрлігіне денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, ұлттық экономика, қаржы, әділет министрліктерімен бірлесіп нормативтік құқықтық актілерге тәулік бойғы емес орта білім беретін ұйымдардың оқушыларына медициналық қызмет көрсетуді білім беру жүйесінен денсаулық сақтау жүйесіне беру бөлігіне тиісті толықтырулар мен өзгерістер енгізу мәселесін пысықтауды тездету тапсырылған.
Балалардың денінің саулығы және әл-ауқаты мүддесі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Денсаулық 2020» стратегиясында жазылған. Соңғы кездерде Еуропа елдерінде деннің сау болуына ықпал ететін Мектептер кеңінен таралды. Бұл құрылымды және жүйелі іс-әрекеттер жоспарын іске асыратын мектептер барлық оқушылардың, педагог және педагог емес персоналдың денсаулығын, әл-ауқатын жақсартуға және әлеуметтік әлеуетін дамытуға бағытталған. Көптеген Еуропа елдерінде басқа да атауларда қолданылады, бірақ жалпы мектептік тәсіл барлығына тән болып табылады.
Қазақстанда 0-ден 17 жасқа дейінгі 3 млн-нан астам бала өмір сүреді. Қазақстан Республикасындағы оқушылар тұрғындардың 20 %-ына дейін құрайды.
Қазақстан Республикасында оқушыларға медициналық қызмет көрсету негізінен балаларды жаппай профилактикалық қарап-тексеруден, вакцинациялаудан тұрады.
Бұл жүйе қалыптасқан «мектеп ауруларын» анықтауға ғана бағытталған, олардың профилактикасына және уақтылы алдын-алуға бағдарланбаған.
Соңғы 5 жылда ҚР балалары мен жасөспірімдерінің денсаулық жағдайында қолайсыз тенденциялар сақталуда. Статистика деректері бойынша соңғы 5 жылда мектеп оқушыларының науқастануы 22 %-ға артқан. Анемияның таралуы 2,5 есеге, тыныс алу органдарының ауруы 1,5 есеге, эндокриндік аурулар – 1,4 есеге, жүйке жүйесі аурулары 1,5 есеге, уланулардың саны 1,2 есеге өскен. Ғылыми деректер соңғы 20 жылда оқушылар арасында морфофункционалдық ауытқулар мен созылмалы аурулардың,  қала берді барлық ауру сыныптары бойынша 100 %-ға өскенін айғақтайды. Көрсеткіш жиілігі бойынша ең көбі қан және қан өндіретін органдар және иммунитет, қан айналымы жүйесі, ас қорыту органдарының, сүйек-бұлшық ет жүйесі ауруларының едәуір өскені анықталды.
Мектепте оқу басталғаннан бері көз және көзге қатысты аурулары – 29,2%-ға артқаны байқалады. 14-17 жасқа қарай (пубертатты жас) көз және оның қосымша аурулары – 70,3 %-ға, сколиоз – 34% артып, алдыңғы позицияларға шықты.
Дұрыс емес (теңгерілмегендігі) тамақтану балалардың бойында темір тапшылығы анемиясының дамуына және алмасу (метаболизмдік) бұзушылықтарына алып келеді. Салмағы артық оқушылардың саны соңғы 5 жыл ішінде екі есе көбейді, кейбір өңірлерде балалардың семіруі 17 пайыздан 33 %-ға жеткен.
Мектептердегі невротизация деңгейінің жоғарылығы оқушылардың оқу жүктемесінен шаршайтындығына, оқытудың авторитарлық стиліне, сондай-ақ соматикалық ауруларға, отбасылық микроклиматтың қолайсыздығына байланысты.
Бір оқушыға оқу жүктемесінің көлемі мен морфофункционалдық ауытқулар саны, жалпы ауру деңгейі, тыныс алу органдары, көз, психика және мінез-құлықтың ауытқуы ауруларының таралу көрсеткіштері  бір-бірімен  тікелей байланысты.
Сабақ кестелерін жасау кезінде Санитарлық қағидаларға сәйкес қиындығына (баллмен есептелетін) қарай пәндерді саралау кестелерін пайдалана отырып, күн және апта бойы оқушылардың ойлау қабілетінің динамикасы ескерілмейді.
Мектеп бағдарламасында дене шынықтыру сабақтары аптасына барлығы 3 сағаттан тұрады, ал қысқы уақыттарда сабақтар жабық орынжайларда өткізіледі. Қазақстан Республикасындағы орта білім беретін ұйымдарда спорт секцияларымен қамтылған оқушылардың үлесі жалпы оқушылар санының 27,7%-н құрайды. Әлемдік практикада спорт секцияларымен 80%-дан астам оқушы қамтылған.
75% бала гиподинамиямен ауырады.
Мектепке дейінгі жастағы балалардың кариеспен ауру деңгейі де жоғары күйде сақталуда, 6 жасқа дейін   – 85,6% (РФ – 13%), 12 жас – 74,6% (РФ – 72%), 17 жас – 76,5% (РФ – 78%). Ауыз қуысының жоспарлы санациясымен қамтылу – 53 %.
Кариес профилактикасы үшін баланы қалыпты тамақпен қамтамасыз етсе, витаминдік, минералдық және фитотерапия, суды фторлау және ауыз қуысын санациялау жеткілікті.
Мектептердегі профилактикалық іс-шаралар деңгейінің жеткіліксіздігін, балалардың денсаулығының нашарлауын, білім беру жүйесіндегі медицина қызметкерлерінің біліктілігінің төмендігін ескере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметіне оқушыларға медициналық қызмет көрсетуді және медицина қызметкерлері штатын білім беру жүйесінен денсаулық сақтау жүйесіне беруді қамтамасыз ету тапсырылды.
Мектеп медицинасын білім беру жүйесінен денсаулық сақтау жүйесіне беру созылмалы аурулары бар оқушылардың 10-15%-ның денсаулығын жақсартуға, 75-80%-нда процесті тұрақтандыруға қол жеткізуге, көру қабілетін жақсарту – 30%-ға, тірек-қозғалыс аппаратының жай-күйі – 60%-ға, ОРВИ жиілігі мен ұзақтығын – 50%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.
Мектептің медициналық қызметкерлерін Қазақстан Республикасы Білім министрлігі жүйесінен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі жүйесіне беру:
– мектепте профилактикалық жұмыстарды күшейту: салауатты өмір салты моделін қалыптастыру, жаман әдеттерден арылуды насихаттау және т.б.;
– денсаулық сақтау жүйесінде мектептің орта медициналық қызметкерлерінің біліктілігін арттыру;
– оларға медициналық өтілін сақтау;
– оларға біліктілік санаттарына ақы төлеу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
«Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 43-бабына сәйкес білім беру ұйымдарының құзыретіне білім алушыларға медициналық қызмет көрсетуге кіреді, бұл ретте жоғарыда көрсетілген Заңның 48-бабына сәйкес денсаулық сақтау жүйесінің ұйымдары тек білім алушылардың, тәрбиеленушілердің денсаулық жағдайына бақылау жасауды, оларға медициналық қызмет көрсетуді жүзеге асырады. Осылайша, білім беру ұйымдарына денсаулық сақтау ұйымдарының функциялары бекітілген. Осыған байланысты орта білім беру ұйымдарында тәулік бойы болмай білім алушыларға медициналық қызмет көрсету функцияларын денсаулық сақтау ұйымдарына беру қажет.
Баяндалғанды ескере отырып, мектеп жасындағы балалардың денсаулығын нығайту және сақтау, оқушылардың сапалы және қолжетімді медициналық көмекке мұқтаждығын қанағаттандыру мақсатында Президенттің 2016 жылғы 15 қаңтардағы № 176 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында мектеп медицинасын денсаулық жүйесінде одан әрі дамыту көзделген. Премьер-Министрдің орынбасары Б.М. Сапарбаевтың төрағалығымен 2015 жылғы 15 маусымда өткен «Оқушыларға медициналық қызмет көрсетуді білім беру жүйесінен денсаулық сақтау жүйесіне беру мәселелері туралы» кеңестің № 20-5/И-373 хаттамасында Білім және ғылым министрлігіне Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, Ұлттық экономика, Қаржы, Әділет министрліктерімен бірлесіп, нормативтік актілерге оқушыларға медициналық қызмет көрсетуді денсаулық сақтау жүйесіне беру бөлігінде тиісті толықтырулар мен өзгерістер енгізу мәселесін пысықтау жеделдету тапсырылған болатын.
3. Заң жобасын қабылдаудың мақсаттары
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасы денсаулық сақтау субъектілерін және басқа мүдделі тараптарды МӘМС жүйесіне өтуге дайындау қажеттілігімен, сондай-ақ  орта білім беру ұйымдарында тәулік бойы болмай білім алушыларға медициналық қызмет көрсету функцияларын денсаулық сақтау жүйесіне беру қажеттілігімен байланысты әзірленді.
4. Заң жобасын реттеу мәні
Заң жобасын реттеу мәні міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйелеріне қатысушылардың өзара іс-қимылы бойынша қоғамдық қатынастар, сондай-ақ денсаулық сақтау және білім беру салаларында туындайтын қатынастар болып табылады.
5. Заң жобасының құрылымы
Заң жобасы 2 баптан тұрады.
1-бап:
1) 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі;
2) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Кодексі;
3) «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы;
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы»                  2015 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына;

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың мазмұнын айқындайды.

2-бап осы заң жобасын қолданысқа енгізу тәртібін айқындайды.
6. Заң жобасын қабылданған жағдайда болжанатын құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдарлар
Қазақстан Республикасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу мынадай нәтижелерді алуға мүмкіндік береді:
Мемлекет үшін:
барлық әлеуметтік әріптестердің ортақ жауапкершілігіне  және кіріс  көздерін әртараптандыруға негізделген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың қаржылық тұрақты жүйесін құру;
денсаулық сақтаудағы инвестициялардың деңгейін ЭЫДҰ мүше елдердің деңгейіне дейін жеткізу;
медициналық көмекпен жалпыға бірдей (әмбебап) қамтуды қамтамасыз ету;
денсаулық сақтау жүйесіндегі нарықтық тетіктерді жетілдіру;
қосымша жұмыс орындарын құру және жаңа технологияларды енгізу арқылы денсаулық сақтау индустриясын дамыту;
ресурстарды пайдаланудың тиімділігін арттыру;
денсаулық сақтаудың ашық және қоғамға есеп беретін жүйесін құру;
медициналық қызметтер берушілерді қаржыландыру тетіктерін жетілдіру.
Халық үшін:
денсаулықты жақсарту және өмір сүру ұзақтығын ұлғайту;
сапалы медициналық көмекке қолжетімдікті арттыру;
халықтың қажеттіліктеріне сәйкес қабілетті денсаулық сақтау жүйесін құру;
амбулаториялық деңгейде халықты сәйкес дәрілік заттармен қамтамасыз етуді кеңейту;
денсаулық сақтау жүйесіндегі формалды емес төлемдердің деңгейін төмендету.
Медициналық қызметтер берушілер үшін:
қызметтің нәтижелеріне сәйкес қаржыландырудың тұрақтылығы;
медицина қызметкерлері еңбекақысының бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
жаңа медициналық технологияларды енгізу, негізгі құралдарды уақтылы жаңарту;
басқарудың корпоративтік әдістерін және кәсіби менеджментті енгізуге ынталандыру;
ақпараттық технологияларды дамыту.
Орта білім беру ұйымдарында тәулік бойы болмай білім алушыларға медициналық қызмет көрсетуді білім беру жүйесінен денсаулық сақтау жүйесіне беру мектептегі профилактикалық жұмыстарды күшейтуді: саламатты өмір салтының моделін қалыптастыруды, жаман әдеттерден арылуды насихаттауды қамтамасыз етеді және тиісінше мектеп жасындағы балалардың денсаулық индексін арттыруға мүмкіндік береді.
Ұсынылып отырған Заң жобасын қабылдау қандай да бір теріс құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдардың туындауына әкелмейді.
7. Басқа заңнамалық актілерді бір мезгілде (кейіннен) әзірленіп жатқан заң жобасына сәйкестікке келтіру қажеттілігі
Талап етілмейді.
8. Заң жобасы мәнінің өзге нормативтік құқықтық актілермен регламенттелуі
Регламенттелмеген.
9. Қаралып отырған мәселе бойынша шетелдік тәжірибенің болуы
Әлемдік практикада бүкіл денсаулық сақтау жүйесі 4 негізгі моделдің бірінің басымдылығымен аралас қаржыландыру құрылымына ие:
бюджеттік модель, қаржыландырудың негізгі көзі – жалпы салық салу (Ұлыбритания, Аустралия, Канада және басқалар). Қаржыландыру тұрақтылығының және әлеуметтік қорғалудың жоғары деңгейімен сипатталады, алайда азаматтардың өз денсаулығы үшін жеке жауапкершілігіне айтарлықтай ықпал етпейді, медициналық қызметтердің бәсекелестігі және белсенді сатып алу үшін жеткілікті ынталандыруды жасамайды;

мемлекеттің, жұмыс беруші мен қызметкердің  (Германия, Франция, Жапония, Корея және басқалар) міндетті ортақ жарналарының есебінен қаржыландырылатын медициналық әлеуметтік медициналық сақтандыру (бұдан әрі – МӘС) коммерциялық емес болып табылады, барлық әлеуметтік әріптестердің өз денсаулығы үшін ортақ жауапкершілігін іске асыруды қамтамасыз етеді, бәсекелестікті дамытуға, сапа мен тиімділікті арттыруға  ынталандыру жасайды,   денсаулық сақтау жүйесінің өзін-өзі басқару және өзін-өзі реттеуінің жоғары деңгейін қамтамасыз етеді;

3) жұмыс берушілердің немесе жұмыскерлердің өзінің ерікті жарналарының есебінен қаржыландырылатын жекеше медициналық сақтандыру (АҚШ). Бұл модель кезінде созылмалы аурулары бар адамдар, балалар мен жүкті әйелдер сақтандыру жағдайлары басталуының жоғары қаупіне байланысты қаламаған клиенттер болып табылады және сақтандыру қорғауын ұсынудан бас тартуға немесе оның жоғары құнына байланысты медициналық көмекке қолжетімділіктен айырылуы мүмкін. Жекеше сақтандырудың пайда табуға толық бағдарланғанын ескере отырып, бұл моделді қолдану жоғары  транзакциялық шығындарға алып келеді;
4) денсаулық сақтаудың жинақтау шоттары негізінен Сингапурда қолданылады. Тек жұмыс істейтін азаматтардың есебінен ғана қаржыландырылады, медициналық көмектің қолжетімділігі жинақтау мөлшерімен шектеледі, бұл кіріс деңгейі төмен немесе созылмалы аурулары бар азаматтарға теріс әсерін тигізеді. Бұл модель денсаулық үшін ортақ жауапкершілік қағидатын іске асыруға мүмкіндік бермейді және әкімшілік шығыстардың өсуіне алып келеді.
Барлық моделдерде мемлекеттік бюджет денсаулық сақтауды қаржыландырудың маңызды көзі болып табылатынын атап кеткен жөн (АҚШ-та 2011 жылы мемлекеттік шығыстардың  үлес салмағы 46%-ды, ал Сингапурда – 31%-ды құрады). МӘС көптеген елдерде (Германия, Эстония, Литва, Венгрия және басқалар)  мемлекеттік бюджет экономикалық құлдырау кезеңдерінде немесе МӘС кірістері төмендеген жағдайда қолдауды жүзеге асырады.
Халықаралық тәжірибені зерделеу әлеуметтік медициналық сақтандыру дамыған елдерде де дамушы елдерде де денсаулық сақтау жүйесін қаржыландырудың барынша кең таралған әдісі болып табылатынын көрсетті.
МӘС-тің тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз ететін жұмыс істеу мен даму үрдісінің мынадай ортақ тетіктері бар:
МӘС қорларының  барлық әлеуметтік әріптестердің байқаушы кеңестері арқылы басқаруға қатысуының, сондай-ақ дәрігерлердің кәсіптік бірлестіктерінің қатысуының жоғары дәрежесі кезінде дербестіктің жоғары деңгейіне ие;
МӘС жүйесінің әртүрлі элементтерінің қызметін өз бетінше реттеудің заңнамалық белгіленген тетіктері бар: басқару органдарын қалыптастыру, тарифті құру, технологияларды бағалау, медицина қызметкерлерінің біліктілігін тану,  медициналық қызметтерді берушілерді аккредиттеу және т.б.;
жұмысшы мен жұмыс берушінің төлемдерінің үлесі сияқты сақтандыру жарналарының мөлшері де экономикалық даму деңгейіне байланысты ауытқып отырады;
сақтандыру жарналарын жинаудың барынша оңтайлы тәсілі оларды салық органдарының жинауы болып табылады, бұл әкімшілендіруге арналған шығыстарды төмендетіп қана қоймай, түсімдердің толықтығы мен уақтылылығын қамтамасыз етеді;
пациенттер үшін медициналық көмек қолжетімді болғанда әділетсіздіктің туындауына байланысты сақтандыру қорларының арасындағы бәсекелестік мүлдем жоқ, оған тек бір қорды құру арқылы (Корея, Жапония, Венгрия және басқалар) немесе қордың кезең-кезеңмен қосылуы (Эстония), сондай-ақ қауіптерді теңестіру (Германия, Франция, Бельгия және басқалар) тетіктерінің көмегімен қол жеткізіледі;
тарифтік саясатты мемлекет реттейді, тарифтердің экономикалық шынайылығына және ортақ кіріс  базасымен теңгерімділікке негізделеді, әдетте, негізгі қаражаттың амортизациясын өтеуді көздейді, тарифтерді төлеушінің  қызметтер берушілердің бірлестігімен келіссөздері арқылы белгілеу практикасы таралған;
төлеу тәсілдері медициналық көмектің нәтижелері мен сапасын есепке ала отырып, әрбір жекелеген қызмет үшін (тарификатор, клиникалық шығындық топтар және т.б.) төлеу жөніндегі тәсілдермен үйлеседі;
мемлекеттің денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға және қымбат тұратын жабдықты сатып алуға қатысуы сақталады;
мемлекет МӘС-ті қаржыландыруға тек экономикалық белсенді емес халық үшін сақтандыру жарналарын төлеу арқылы ғана емес, сондай-ақ экономикалық құлдырау кезеңдерінде кірістің орнын толтыру арқылы да қатысады.
10. Заң жобасын іске асыруға байланысты болжамды қаржылай шығындар
Заң жобасы мемлекеттік крістерін қысқартуды немесе мемлекттік шығыстарды ұлғайтуды көздемейді.
Анықтама үшін
Заң жобасына Тұжырымдама, орта білім беру ұйымдарында тәулік бойы болмай білім алушыларға медициналық қызмет көрсетуді білім беру жүйесінен денсаулық сақтау жүйесіне беру нормасын ескермегенде, Заң шығару қызметі жөніндегі ведомствоаралық комиссия мүшелерінің ескертпелері мен ұсыныстары есепке алынып мақұлданды (2016 жылғы 18 тамыздағы отырыстың № 400 хаттамасы.)