Қоғамдық денсаулық сақтау
ұлттық орталығы

Қазақстан халқы арасында жиі кездесетін бес паразиттік ауру   


Паразиттік аурулар Қазақстан Республикасындағы өзекті қоғамдық денсаулық сақтау мәселесі болып қала береді, бұған себеп паразиттік аурулардың халық арасында жиі таралуы, ауруға шалдыққан балалардың жоғары үлесі, таралу жолдарының әртүрлілігі және асқыну қаупі болып табылады. Олардың таралуы жеке гигиенаның нашарлығы, ластанған тамақ пен суды пайдалану және инфекция жұқтырған жануарлармен байланыс сияқты әртүрлі факторлармен байланысты.     

Профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралар жүргізіліп жатқанына қарамастан, Қазақстан Республикасы халқы арасында паразиттік аурулар әлі де тіркелуде.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы эпидемиологиялық жағдайды талдау нәтижелері бойынша елде паразиттік аурулардың 3080 жағдайы тіркелді, бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,7%-ға төмендеген. Сырқаттанушылық деңгейі 100 000 адамға шаққанда 15,01 құрады.

Қазақстанда жиі кездесетін бес паразиттік ауру   

Энтеробиоз (56,4%) — үшкірқұрттар тудыратын ең көп таралған гельминтоз. Ауру негізінен балаларда кездеседі және ластанған қолдар, тұрмыстық заттар мен ойыншықтар арқылы тұрмыстық жолмен жұғады.

Лямблиоз (16,3%) – қарапайым микроорганизмдер — лямблиялар тудыратын паразиттік ауру. Инфекция негізінен ластанған су, тамақ арқылы және жеке гигиенаны сақтамаудан пайда болады. Ауру асқазан-ішек жолдары функцияларының бұзылуымен қатар жүруі мүмкін.      

Аскаридоз (12,5%) – қоздырғышы жыланқұрт болып табылатын гельминтоз. Негізгі берілу факторлары — топырақпен ластанған қолдар, бетінде паразит жұмыртқалары болуы мүмкін жуылмаған көкөніс пен жеміс.       

Эхинококкоз (8,8%) — негізінен бауыр мен өкпенің зақымдалуымен, паразиттік кисталардың пайда болуымен сипатталатын зоонозды паразиттік ауру. Ауру адамның организміне иттер мен басқа да соңғы иелері шығаратын паразит жұмыртқаларының түсуі арқылы жұғады.  

Описторхоз (6%) — негізінен бауыр мен өт жолдарына кері әсер ететін табиғи ошақты паразиттік ауру. Инфекция жұқтырудың негізгі факторы жеткілікті термиялық өңдеуден өтпеген немесе дұрыс пісірілмеген тұқы балығын тамаққа пайдалану болып табылады.   

Осылайша, паразиттік аурулардың құрылымында паразиттік инфекциялар басым, олардың таралуы көбінесе санитарлық-гигиеналық жағдайлармен және халықтың жеке профилактикалық шараларды сақтауымен байланысты.

Балалар арасындағы сырқаттанушылық ерекше назар аударуды қажет етеді. 2026 жылдың алғашқы 6 айында 14 жасқа дейінгі балалар тіркелген паразиттік аурулардың жалпы санының 69,7%-ын құрады (2148 жағдай). Сырқаттанушылықтың жоғары деңгейі мектепке дейінгі және кіші мектеп жасындағы балалар арасында байқалады. Бұл білім беру мекемелеріндегі санитарлық-гигиеналық жағдайларға, балаларда гигиеналық дағдыларды дамытуға және ата-аналар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына көбірек көңіл бөлуді қажет етеді.

Негізгі профилактикалық шаралар

Паразиттік аурулардың алдын алу санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтауға, тамақ пен судың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ инфекция жұқтырған адамдарды уақтылы анықтауға және емдеуге негізделеді.   

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы мынадай кеңес береді:

  • жеке гигиена ережелерін сақтаңыз, қолыңызды үнемі сабындап жуыңыз;
  • таза ауыз су ішіңіз;
  • көкеніс пен жемісті, аскөкті жақсылап жуыңыз; 
  • ет пен балықты жеткілікті термиялық өңдеуден өткізіңіз;
  • тамақ өнімдерін дайындау кезінде санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтаңыз;
  • ветеринарлық мамандардың ұсынымдарына сәйкес үй жануарларын дегельминтизациялаудан өткізіп тұрыңыз;
  • үй-жайлардың және балалар ойын алаңдарының тазалығын сақтаңыз;
  • ауру белгілері байқалған кезде дер кезінде медициналық көмек сұраңыз.     

Профилактика – денсаулық сақтаудың маңызды факторы

Жалпы сырқаттанушылықтың төмендеуіне қарамастан, әсіресе балалар арасындағы профилактикалық шараларды одан әрі жетілдіру қажеттілігі әлі де сақталуда.  

Санитарлық сауаттылықты арттыру, жеке гигиена дағдыларын дамыту, қауіпсіз тамақтану әдеттерін сақтау және денсаулыққа жауапкершілікпен қарау паразиттік ауруларды жұқтыру қаупін азайтуға көмектеседі.