Қоғамдық денсаулық сақтау
ұлттық орталығы

Қазақстан мен Грузия паразиттік ауруларды зертханалық диагностикалау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда


Алматы, 2026 жылғы 12–16 қазан. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы «Паразиттік ауруларды зертханалық диагностикалау» тақырыбында халықаралық сарапшылардың қатысумен республикалық тренинг өткізілді. Іс-шара Пандемиялық қордың гранты аясында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен және Грузиядан келген сарапшылардың қатысуымен өтті.

Паразиттік ауруларды уақтылы әрі дұрыс зертханалық диагностикалау оларды анықтауда, клиникалық диагнозды растауда және тиімді емдеу тактикасын таңдауда маңызды рөл атқарады. Диагностикалық әдістерді жетілдіру және мамандардың біліктілігін тұрақты түрде арттыру медициналық көмек сапасын қамтамасыз етудің және эпидемиологиялық қадағалаудың тиімділігін арттырудың маңызды шарттары болып табылады.

Тренингке санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің, клиникалық-диагностикалық зертханалардың мамандары, паразитолог дәрігерлер мен эпидемиологтар қатысты. Халықаралық тәжірибемен Грузияның медициналық паразитология және тропикалық медицина ғылыми-зерттеу институтының директоры, доктор Нора Кокая және институт қызметкері доктор Нино Иашвили алмасты.  

Тренинг бағдарламасы паразиттік аурулардың эпидемиологиясы, клиникалық картиналары, диагностикасы және профилактикасының өзекті мәселелерін, Қазақстандағы қазіргі эпидемиологиялық ахуалды және паразиттік ауруларды зертханалық диагностикалау жүйесінің жай-күйін қамтиды. Қатысушылар паразитологиялық диагностиканың классикалық әдістерімен қатар, иммуноферменттік талдау (ИФТ) және полимеразды тізбекті реакция (ПТР) сияқты заманауи диагностикалық технологияларға шолу жасады.   Сонымен қатар зертханалардағы биологиялық қауіпсіздік және зертханалық зерттеулердің сапасын бақылау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Тренинг барысында алынған білім зертханалық зерттеулердің сапасы мен дәлдігін арттыруға, олардың нәтижелерін клиникалық тәжірибеде тиімді пайдалануға, сондай-ақ зертханалық қызмет, клиницист дәрігерлер және эпидемиологтар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға ықпал етті.

Осындай тренингтер өткізу мамандардың кәсіби әлеуетін дамытуға, паразиттік ауруларды диагностикалау тәсілдерін жетілдіруге және медициналық паразитология саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.