Ластанған ауа мен ауыз су адам денсаулығына қаншалықты қауіп төндіреді және оның әсері қалай бағаланады? Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының сарапшылары Солтүстік Қазақстан облысының санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандарына осы тақырыпта семинар өткізді.


ҚДСҰО филиалының профилактикалық медицина, гигиена және экология зертханасының меңгерушісі А.Досмұханов қоршаған ортадағы химиялық ластағыштардың адам денсаулығына әсерін бағалау тәсілдері туралы айтып берді. Мамандар атмосфералық ауа мен ауыз судың сапасы, экологиялық қауіп-қатерлер және оларды бағалау әдістерін санитариялық-эпидемиологиялық қызметте қолдану мәселелерін талқылады.
Мұндай бағалау кезінде қоршаған ортаның қаншалықты ластанғаны ғана емес, химиялық заттардың адам денсаулығына тигізуі мүмкін әсері де ескеріледі. Алынған деректер ықтимал қауіп-қатерді анықтап, оның алдын алу шараларын белгілеуге көмектеседі.
Семинар ҚДСҰО сарапшыларының Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында өтті. Сапар барысында «Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер», «Салауатты университеттер» және «Салауатты жұмыс орындары» бастамаларын іске асыру, сондай-ақ өңірдегі ұйымдармен және өнеркәсіп кәсіпорындарымен бірлескен жұмыс мәселелері талқыланды.