
Орал қаласында медицина қызметкерлеріне арналған иммундау және жұқпалы аурулардың алдын алу мәселелері бойынша семинар өтті. Іс-шара ҚДСҰО-ның «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалының директоры Айнагүл Қуатбаеваның Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында ұйымдастырылды.
Семинарға өңірдегі медициналық ұйымдар басшыларының орынбасарлары, жалпы тәжірибелік дәрігерлер, иммунологтар, эпидемиологтар және егу кабинеттерінің мамандары қатысты.
Айнагүл Қуатбаева егу жұмысын жүргізу тәртібі мен оған қойылатын талаптарға тоқталды. Семинардың негізгі бөлігі тәжірибеде кездесетін мәселелерді талқылауға арналды. Медицина қызметкерлері вакцинация жүргізу, егу кабинеттерінің жұмысы, жұқпалы аурулардың алдын алу және халыққа вакцинация туралы түсіндіру мәселелерін қарастырды. Қатысушылар күнделікті жұмыста туындайтын сұрақтарын қойып, нақты түсіндірмелер алды.
«Иммундаудың тиімділігі егу жұмысының жергілікті деңгейде қаншалықты сапалы жүргізілетініне байланысты. Вакцинацияны уақтылы жүргізу, белгіленген талаптарды сақтау және тұрғындардың сұрақтарына нақты әрі дәлелді жауап беру маңызды. Егу жұмысының сапасы халықты вакцинамен басқарылатын инфекциялардан қорғауға тікелей әсер етеді», – деп атап өтті Айнагүл Қуатбаева.