Қоғамдық денсаулық сақтау
ұлттық орталығы

ҚДСҰО Жамбыл облысындағы ауруханалардың төтенше жағдайларға дайындығын бағалады


Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Жамбыл облысы Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен, АҚШ-тың Колумбия университеті жанындағы ICAP ұйымымен және ДДСҰ-ның Қазақстандағы Елдік офисімен бірлесіп, өңірдегі екі медициналық ұйымның төтенше жағдайларға дайындығына бағалау жүргізді.

Бағалау Тараз қаласындағы Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасы мен Меркі аудандық орталық ауруханасында жүргізілді. Ол ДДСҰ әзірлеген халықаралық құрал — Ауруханалардың қауіпсіздік индексін (Hospital Safety Index) пайдалана отырып, «Ауруханалардың төтенше жағдайларға дайындығын бағалау» пилоттық жобасы аясында өтті.

Сарапшылар медициналық ұйымдардың төтенше жағдайлар кезінде жұмыс істеуге дайындығын бірнеше негізгі бағыт бойынша бағалады. Атап айтқанда, ғимараттар мен инженерлік инфрақұрылымның орнықтылығы, медициналық және инженерлік жабдықтардың қауіпсіздігі, төтенше жағдайларды басқару жүйесі, медицина қызметкерлерінің даярлық деңгейі, қажетті ресурстармен қамтамасыз етілуі және ауруханалардың медициналық көмекті үздіксіз көрсету мүмкіндігі сараланды.

Сонымен қатар төтенше жағдайлар кезінде, әсіресе жүктеме күрт артқан жағдайда, медициналық ұйымдардың халыққа медициналық көмекті үздіксіз әрі қолжетімді түрде көрсете отырып, өз жұмысын қаншалықты тиімді жалғастыра алатынына ерекше назар аударылды.

Сарапшылар тобының құрамына ҚДСҰО басшысының кеңесшісі, жоба үйлестірушісі Зауре Ахметова, ДДСҰ-ның Қазақстандағы Елдік офисінің ұлттық қызметкері Бибігүл Аубакирова және Колумбия университеті жанындағы ICAP ұйымының маманы Әсем Сүлейменова кірді.

Бағалау қорытындысы бойынша медициналық ұйымдардың басшылығына мониторинг нәтижелері мен ауруханалардың төтенше жағдайларға әрекет ету дайындығын одан әрі күшейтуге бағытталған практикалық ұсынымдар берілді.

Пилоттық жоба нәтижелері Қазақстанның басқа өңірлеріндегі ауруханалардың төтенше жағдайларға дайындығын бағалау кезінде пайдаланылатын болады.

Жоба «Шеврон» компаниясының қолдауымен іске асырылып жатыр.