«Қазақстанның денсаулық сақтау саласы: заман талабына сәйкес дамудың жаңа мүмкіндіктері. Отбасылық дәрігер тәжірибесіндегі дәлелді медицина» халықаралық конференциясы аясында өткен «Пациент қауіпсіздігі» тақырыптық сессиясында инфекциялық қауіпсіздік және пациенттерді қорғау мәселелері талқыланды.
Сессияда Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының инфекциялық бақылау және антимикробтық резистенттілікті үйлестіру бөлімінің басшысы Гаухар Ағажаева «Инфекциялардың алдын алу және инфекциялық бақылаудағы көшбасшылық – қауіпсіздік мәдениетінің негізі» тақырыбында баяндама жасады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, әлемде әрбір оныншы пациент ем алу кезінде инфекция жұқтырады. Мұндай инфекциялар денсаулық сақтау жүйелері үшін әлі де күрделі қауіптердің бірі болып отыр.
Баяндамада медициналық көмек көрсетуге байланысты инфекциялардың антимикробтық резистенттілікпен байланысына ерекше назар аударылды. Инфекциялық бақылаудың жеткіліксіздігі және антибиотиктерді ұтымсыз қолдану емге төзімді микроорганизмдердің таралуына ықпал етіп, емнің тиімділігін төмендетеді.
Гаухар Ағажаева инфекциялардың алдын алуда медбикелер мен акушерлердің рөлі ерекше екенін атап өтті. Орта буын медицина қызметкерлері күн сайын қол гигиенасын сақтау, медициналық рәсімдерді қауіпсіз жүргізу, пациенттерді оқыту және медициналық ұйымдардағы жұмыс процестерін жақсартуға қатысу сияқты инфекциялық бақылаудың негізгі шараларын қамтамасыз етеді. Сарапшылардың бағалауынша, медициналық көмек көрсетуге байланысты инфекциялардың алдын алу шараларының 60–70%-ы медбикелердің жұмысына тиесілі.
Сондай-ақ Қазақстанда инфекциялық бақылау жүйесін нығайту үшін іске асырылып жатқан тәсілдер таныстырылды. Олардың қатарында медициналық көмек көрсетуге байланысты инфекцияларды мониторингтеу жөніндегі ұлттық ұсынымдарды жаңарту, профилактиканың заманауи әдістерін енгізу, медицина қызметкерлерінің құзыретін дамыту, қауіпсіздік мәдениетін нығайту және басқарушылық шешімдер қабылдауда деректерді пайдалану бар.
Спикердің айтуынша, инфекциялардың алдын алу және инфекциялық бақылау әрбір медицина қызметкерінің күнделікті жұмысының ажырамас бөлігі болуы тиіс. Пациент қауіпсіздігі ең алдымен қауіпсіздік талаптарын сақтау мен әр маманның жауапкершілігіне байланысты.