Қоғамдық денсаулық сақтау
ұлттық орталығы

ҚДСҰО мен ЮНИСЕФ Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығын қолдау бағдарламасын кеңейтуде


Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы және ЮНИСЕФ  Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығын нығайтуға бағытталған бағдарламаны кеңейтуде. Осы жұмыс аясында маусым айынан бастап Түркістан облысында, Алматы және Шымкент қалаларында ДДСҰ-ның mhGAP бағдарламасы бойынша денсаулық сақтау мамандарын оқыту басталды.

Алдағы айларда денсаулық сақтау жүйесінің 900-ден астам маманы, оның ішінде жалпы практика дәрігерлері, психиатрлар мен психологтар балалар мен жасөспірімдердегі психоэмоционалдық және мінез-құлықтық бұзылыстарды ерте анықтау, дағдарыстық жағдайларды бағалау және уақтылы көмек көрсету мәселелері бойынша даярлықтан өтеді.

Оқытуды ЮНИСЕФ-тің халықаралық сарапшысының жетекшілігімен арнайы дайындықтан өткен ұлттық мастер-тренерлер жүргізеді. Бағдарлама барысында алынған білім мен практикалық құралдар өңірлердегі мамандарға балалар мен жасөспірімдердің эмоционалдық әл-ауқатындағы өзгерістерді дер кезінде байқап, мәселе күрделі жағдайға ұласпай тұрып қажетті қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.

Бағдарлама Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық ұсынымдарына негізделген. Ол ерте анықтау, бастапқы психологиялық қолдау көрсету, тәуекелдерді бағалау дағдыларын жетілдіруді, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қызметтер арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуды көздейді.

Бұл бастама Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығын қорғау жүйесін дамыту және халық арасында суицидтің алдын алу жөніндегі жол картасын іске асыру бағытындағы кешенді жұмыстың бір бөлігі болып табылады. Мамандарды оқытумен қатар жоба аясында скринингтік іс-шаралар өткізу, жасөспірімдер мен ата-аналарға арналған психологиялық ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ пилоттық өңірлердегі мектептер мен колледждерде әлеуметтік-эмоционалдық оқыту бағдарламаларын енгізу көзделген.

Бағдарлама 10 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге бағытталған. Оның мақсаты — сапалы психологиялық көмектің қолжетімділігін арттыру, тәуекелдерді ерте анықтау жүйесін дамыту және эмоционалдық қиындықтарға тап болған балалар мен жасөспірімдерді қолдаудың қосымша тетіктерін қалыптастыру.

Анықтама үшін: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының mhGAP (Mental Health Gap Action Programme) бағдарламасы алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымдарының мамандарына балалар мен жасөспірімдердегі психоэмоционалдық және мінез-құлықтық бұзылыстарды дер кезінде анықтауға, тәуекелдерді бағалауға, қажетті қолдау көрсетуге немесе мамандандырылған көмекке бағыттауға мүмкіндік береді.