Қоғамдық денсаулық сақтау
ұлттық орталығы

Ұлттық орталықта нашақорлықтың алдын алу және қауіп-қатерлерді ерте анықтаудың жаңа тәсілдері талқыланды


Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығымен бірлесіп, Қазақстандағы есірткіге байланысты заманауи қауіп-қатерлердің алдын алу және оларға ден қою жүйесін жетілдіру мәселелеріне арналған онлайн кеңес өткізді.

Кеңеске Психикалық денсаулық орталығының өңірлік филиалдары, Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің өкілдері және басқа да құрылымдық бөлімшелердің мамандары қатысты.

Кездесу барысында ҚДСҰО Басқарма төрағасы Эрик Байжүнісов еліміздегі есірткі ахуалына жүргізілген талдауды, халықаралық тәжірибені және нашақорлықтың алдын алуда қолданылатын заманауи тәсілдерді таныстырды.

Оның айтуынша, қазіргі синтетикалық есірткілердің таралу жолдары мен әсері бұрынғыдан едәуір өзгеше. Интернет пен цифрлық платформалар арқылы қолжетімді психоактивті заттардың кең таралуы профилактика мен есірткі тұтынуды анықтау тәсілдерін қайта қарауды талап етеді.

Кеңесте ресми статистика мен нақты жағдай арасындағы айырмашылықтарға ерекше назар аударылды. Ұсынылған деректерге сәйкес, Қазақстанда есірткіні жоғары қауіп деңгейінде тұтынатын адамдар саны 112 мыңнан асады. Оның ішінде синтетикалық есірткі тұтынушылардың саны шамамен 74 мың адамды құрап, опиоидтарды қолданушылар санынан асып кеткен.

Эрик Байжүнісов қазіргі жүйе көбіне тәуелділік қалыптасып, оның ауыр салдары байқалғаннан кейін ғана адамдарды анықтайтынын атап өтті. Яғни азаматтар полицияның, жедел медициналық көмектің немесе денсаулық сақтау ұйымдарының назарына түскен кезде ғана көмекке жүгінеді.

Осыған байланысты қатысушылар алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде қауіп факторларын ерте анықтау тетіктерін күшейту мүмкіндіктерін талқылады. Тәсілдердің бірі ретінде профилактикалық тексерулер аясында жүргізілетін ерте скрининг алгоритмі ұсынылды. Ол адамның психологиялық жай-күйін, күйзеліс деңгейін, мазасыздық белгілерін, ұйқының бұзылуын және әлеуметтік бейімделуге әсер ететін басқа да факторларды бағалауға негізделген. Мұндай тәсіл тәуелділік қалыптаспай тұрып қауіп тобындағы адамдарды анықтап, оларға дер кезінде мамандандырылған көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Кеңес барысында Чехия, Норвегия, Түркия, Жапония, Сингапур, Өзбекстан және Тәжікстан елдерінің тәжірибесі де қарастырылды. Талқылау нәтижесінде тиімді нәтижелерге қол жеткізген елдер негізінен жазалау шараларына емес, ерте профилактикаға, жағдайды тұрақты мониторингтеуге және медициналық көмектің қолжетімді болуына басымдық беретіні атап өтілді.

Сондай-ақ жасөспірімдер мен жастар арасында тұрақты зерттеулер жүргізу, ересек халыққа сауалнама ұйымдастыру, сыртқы қауіп факторларын зерделеу және нашақорлық мәселелері бойынша ақпараттық-мониторингтік орталық құруды қамтитын заманауи мониторинг жүйесін дамыту мәселелері талқыланды.

Қатысушылар нашақорлықпен күрес тек тәуелділіктің салдарын емдеумен шектелмеуі тиіс екенін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстың тиімділігі деректерге негізделген жүйелі профилактикаға, ведомствоаралық өзара іс-қимылға және қауіп-қатерлерді ерте анықтауға тікелей байланысты.