
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығында Инфекциялардың алдын алу және инфекциялық бақылау жөніндегі практиктер қауымдастығы аясында реанимация және қарқынды терапия бөлімшелеріндегі вентилятормен байланысты пневмонияға (ВБП) эпидемиологиялық қадағалау мәселелеріне арналған сараптамалық семинар өтті.


Баяндамамен Алматы қалалық кардиологиялық орталығының эпидемиологы, FETP бағдарламасының түлегі, қоғамдық денсаулық сақтау магистрі Эльвира Ибрагимова сөз сөйледі.
Семинар барысында ВБП жағдайларын анықтау және тіркеу, өкпені жасанды желдету аппаратындағы пациенттерді бақылау, сондай-ақ тәуекелдерді бағалау мен шешім қабылдауда эпидемиологиялық деректерді пайдалану мәселелері қарастырылды.
ВБП-ны анықтау өлшемдеріне, өкпені жасанды желдетудің 1000 күніне шаққандағы көрсеткіштерді бақылауға, инфекция қоздырғыштарының құрылымын талдауға және медициналық көмек көрсетумен байланысты инфекциялар құрамындағы грамтеріс бактериялардың рөліне ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар реанимация бөлімшелерінің мамандары мен инфекциялық бақылау қызметтері арасындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Сарапшылар ВБП-ның алдын алу үшін тұрақты бақылау жүргізу, стандартты рәсімдерді сақтау және медицина қызметкерлерін жүйелі түрде оқыту маңызды екенін атап өтті.
Айта кету керек, ВБП бойынша тиімді эпидемиологиялық қадағалау қауіп-қатерлерді дер кезінде анықтауға, профилактикалық шаралардың тиімділігін бағалауға және реанимация мен қарқынды терапия бөлімшелеріндегі пациенттердің қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.