

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы БҰҰ Балалар қорымен (ЮНИСЕФ) бірлесіп, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының mhGAP Intervention Guide бағдарламасы аясында ұлттық мастер-тренерлерді даярлауды бастады.
Бағдарлама балалар мен жасөспірімдер арасындағы психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстарды ерте анықтауға, оларға дер кезінде көмек көрсетуге және қажетті қолдауды ұйымдастыруға бағытталған.
Оқыту Қазақстанда суицидтің алдын алу жөніндегі жол картасын іске асыру аясында жүргізілуде және кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтік мінез-құлықтың алдын алу бағдарламасын енгізудің маңызды кезеңдерінің бірі болып табылады. Пилоттық жоба Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Түркістан облысында жүзеге асырылады.
Оқытуды ЮНИСЕФ бағдарламасының халықаралық тренері, психикалық денсаулық саласындағы сарапшы, Люксембург университетінің профессоры, психология ғылымдарының докторы Виталий Климчук жүргізеді.

ДДСҰ-ның mhGAP бағдарламасы балалар мен жасөспірімдердегі психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстарды ерте анықтау, қажетті көмекті дер кезінде ұйымдастыру және салааралық өзара іс-қимылды күшейту бағытында мамандардың біліктілігін арттыруға арналған.




Бағдарлама аясында алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарының жалпы практика дәрігерлері, психиатрлар мен психологтар, Психикалық денсаулық орталықтары мен Жастар денсаулық орталықтарының мамандарын қоса алғанда, денсаулық сақтау жүйесінің 900-ден астам маманы оқытудан өтеді. Бұл психикалық денсаулық қызметінің кадрлық әлеуетін нығайтып, халыққа көрсетілетін мамандандырылған көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Пилоттық жоба аясында өңірлердегі мектептер мен колледждерде білім алып жүрген 10–18 жас аралығындағы жасөспірімдер қамтылады. Жоба шеңберінде скринингтік тексерулер, психологиялық ағарту жұмыстары, әлеуметтік-эмоциялық дағдыларды дамыту бағдарламалары іске асырылып, тәуекелі жоғары топқа жататын жасөспірімдерге мамандардың қатысуымен қажетті қолдау көрсетіледі.
Оқуды аяқтағаннан кейін мастер-тренерлер өңірлердегі мамандарды даярлауды жүзеге асырады.