
Орал қаласында Облыстық перинаталдық орталық базасында босандыру және балаларға медициналық көмек көрсету ұйымдарында инфекциялық бақылау мәселелері бойынша біліктілікті арттыру циклі өтті. Оқытуға дәрігерлер, мейіргерлік қызмет мамандары, эпидемиологтар және медициналық ұйымдардағы инфекциялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін қызметкерлер қатысты.

Оқытуды Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының инфекциялық аурулардың алдын алу департаментінің инфекциялық бақылау мен антимикробтық төзімділікті үйлестіру бөлімінің басшысы Гаухар Ағажаева жүргізді.
Бағдарлама инфекциялардың алдын алу және инфекциялық бақылау бағытындағы кәсіби құзыреттерді жетілдіруге, медицина қызметкерлерінің инфекциялық тәуекелдердің алдын алуға дайындығын арттыруға, сондай-ақ заманауи тәсілдер мен халықаралық ұсынымдарды тәжірибеге енгізуге бағытталды.

Оқыту барысында тәжірибеге бағытталған форматқа басымдық берілді. Қатысушылар инфекциялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, стандартты сақтық шараларын сақтау, эпидемиологиялық қадағалауды ұйымдастыру және медициналық көмек көрсетуге байланысты инфекциялардың алдын алу мәселелері бойынша әрекет ету алгоритмдерін пысықтап, типтік және күрделі жағдайларды талдады.
Практикалық сабақтар командалық өзара іс-қимылды жетілдіруге және алынған білімді медициналық ұйым жағдайында қолдануға мүмкіндік берді.