
Астанада иммундаудан кейінгі жағымсыз көріністердің себеп-салдарлық байланысын бағалау және Іс-қимыл жоспарының жобасын әзірлеуге арналған тренинг пен техникалық кеңес өз жұмысын бастады. Іс-шара 2026 жылғы 19–22 мамыр аралығында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының техникалық қолдауымен өтуде.
Оқыту бағдарламасы вакциналардың қауіпсіздігіне қатысты деректерді жинау, талдау және дұрыс түсіндіру бойынша мамандардың потенциалын арттыруға, сондай-ақ ДДСҰ ұсынымдарына сәйкес бірыңғай тәсілдерді енгізуге бағытталған.

Семинарға фармакологиялық қадағалау, иммундау және қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы ұлттық және өңірлік мамандар қатысуда. Оқытуды ДДСҰ Еуропалық өңірлік бюросының сарапшысы Олег Бенеш жүргізуде.

Тренинг аясында Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының Иммунопрофилактика орталығының басшысы Нұршай Әзімбаева иммундаудан кейінгі жағымсыз көріністерді эпидемиологиялық қадағалау бойынша қазіргі жағдайды таныстырып, негізгі мәселелер мен оларды шешудің практикалық жолдарын атап өтті. Сонымен қатар ол мұндай жағдайлардың себеп-салдарлық байланысын бағалау алгоритмдері мен оларды тексеру тәсілдеріне тоқталды.
«Вакцинация – жұқпалы аурулардың алдын алудағы негізгі қорғаныс тетігі. Сондықтан иммундаудан кейінгі әрбір жағымсыз көрініс уақытында тіркеліп, кәсіби әрі объективті бағалануы аса маңызды», – деді Нұршай Әзімбаева.
Семинар қорытындысы бойынша Қазақстандағы вакциналардың қауіпсіздігін бақылау жүйесін одан әрі күшейтуге бағытталған Іс-қимыл жоспарының жобасын әзірлеу жоспарланып отыр.