Қоғамдық денсаулық сақтау
ұлттық орталығы

Астанада Орталық Азияда «Біртұтас денсаулық» бағдарламасын іске асыру мәселесі талқыланды


Астанада өтіп жатқан Өңірлік экологиялық саммит аясында «Орталық Азиядағы «Біртұтас денсаулық» өңірлік бағдарламасы» атты сессия өтті. Онда халықаралық ұйымдар мен өңір елдерінің өкілдері денсаулық сақтау, ветеринария және экология салаларының күшін біріктіру арқылы қазіргі қауіп-қатерлерге жауап беру жолдарын талқылады.

Негізгі назар зооноздық инфекциялардың көбеюіне, климаттық факторлардың әсеріне және тәуекелдерді бағалау мен басқарудың бірыңғай жүйесіне көшу қажеттігіне аударылды. Қатысушылар тиімді нәтиже тек салалар арасындағы тығыз өзара іс-қимыл мен тұрақты деректер алмасу арқылы мүмкін екенін атап өтті.
Сессия жұмысына Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқарма төрағасының орынбасары Манар Смағұл қатысты. Ол бұл бағыттың Қазақстан үшін практикалық маңызы зор екенін айтты. Елде бруцеллез, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы, кене энцефалиті сияқты бірқатар қауіпті инфекциялар табиғи түрде кездеседі, ал климаттың өзгеруі мен көктемгі су тасқындары олардың таралу қаупін күшейтуде.

Қазақстан бұл бағытта жүйелі шаралар қабылдап жатыр: биологиялық қауіпсіздік туралы заң қабылданды, зертханалық база жаңартылуда, мамандар даярлау күшейтілуде, сондай-ақ денсаулық сақтау, ветеринария және экология салалары арасында деректер алмасуға арналған бірыңғай цифрлық платформа қалыптастырылуда.
Сессия қорытындысы бойынша Орталық Азия елдері үшін «Біртұтас денсаулық және климат» өңірлік жоспары келісілді.