Қоғамдық денсаулық сақтау
ұлттық орталығы

Безгекке қарсы күрес күні: әлемдік қауіп әлі де өзекті


Жыл сайын 25 сәуірде әлемде Безгекке қарсы күрес күні атап өтіледі. Биылғы күннің ұраны — «Безгекті жеңуге батыл қадам. Қазір қолымыздан келеді. Қазір әрекет етуіміз керек».

Осыған орай Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы серіктестерімен бірге әлем елдерін адам өмірін сақтап қалу және безгексіз болашақ қалыптастыру үшін күш пен ресурсты біріктіруге шақырып отыр.

ДДСҰ-ның бағалауынша, 2024 жылы әлемнің 80 елінде безгектің 282 миллион жағдайы тіркеліп, 610 мың адам осы дерттен көз жұмған. Аурудың негізгі ауыртпалығы әлі де Африка өңіріне тиесілі. Онда барлық жағдайлардың 95 пайызы (265 млн) және өлім-жітімнің 95 пайызы (579 мың) тіркелген. Оның ішінде қайтыс болғандардың шамамен 75 пайызы — бес жасқа толмаған балалар.

Қазақстанда безгек бойынша эпидемиологиялық ахуал салыстырмалы түрде тұрақты. 2024–2025 жылдары елімізде сырттан әкелінген безгектің 9 жағдайы тіркеліп, инфекцияның одан әрі таралуына жол берілген жоқ. Барлық жағдай Африка елдерінен келген. Жұқтырудың 80 пайызы туристік сапарлар мен қызметтік іссапарлардан кейін анықталған. Бұл ретте азаматтар алдын алу мақсатындағы химиопрофилактикадан өтпеген. Ал 2026 жылдың бірінші тоқсанында тропикалық безгектің тағы бір жағдайы тіркелді.

Мамандар безгектің алдын алу оны емдеуден әлдеқайда тиімді екенін ескертеді. Сондықтан ыстық климатты елдерге сапарға шығардан бір апта бұрын безгекке қарсы арнайы препараттарды қабылдауды бастау қажет. Бұл дәрілерді сапар кезінде және елге оралғаннан кейін тағы бір ай бойы қабылдау ұсынылады. Қандай препаратты және қандай мөлшерде қабылдау керектігін дәрігер анықтайды.

Сонымен қатар маса шағуынан сақтану шараларын сақтау маңызды. Ол үшін репеллент қолдану, терезе мен есіктерге қорғаныш торларын орнату және үй-жайды арнайы жәндікке қарсы құралдармен өңдеу қажет.

Безгектің ең қауіпті түрі — тропикалық безгек. Бұл ауру дер кезінде емделмесе, алғашқы белгілері байқалғаннан кейін 48 сағатқа жетпей-ақ өлімге әкелуі мүмкін. Сондықтан алдын алу талаптарын сақтау ауру жұқтыру қаупін айтарлықтай төмендетеді.

Безгек — қызба ұстамаларымен, қаназдықпен және көкбауырдың ұлғаюымен сипатталатын паразиттік тропикалық ауру. Қазіргі таңда оның бес түрі белгілі: тропикалық, үш күндік, төрт күндік, овале-безгек және knowlesi-безгегі.

Ауру негізінен Anopheles тектес аналық масалардың шағуы арқылы жұғады. Сирек жағдайда қан құю арқылы немесе анадан балаға берілуі мүмкін. Ағзаға енген паразиттер қан айналымы арқылы таралып, кейін бауыр жасушаларында дамуын жалғастырады. Аурудың жасырын кезеңі қоздырғыштың түріне қарай 7 күннен 3 жылға дейін созылуы мүмкін. Ал тропикалық безгек кезінде бұл кезең әлдеқайда қысқа болады.

Ауру көбіне әлсіздік, дел-салдық, қатты бас ауруы және қалтырау сияқты белгілерден басталады. Кейін дене қызуы 40°C-қа дейін және одан да жоғары көтеріліп, қалтырау мен қатты терлеумен қатар жүретін қызба ұстамалары байқалады. Егер мұндай ұстамалар күн сайын немесе белгілі бір аралықпен қайталанса, міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет.

Тропикалық безгек — аурудың ең ауыр түрі. Оның жасырын кезеңі 8–16 күнге созылады. Алғашқы күндері бас ауруы, тез шаршау, жүрек айну және тәбеттің төмендеуі байқалуы мүмкін. Кейбір жағдайда қызба ұстамалары қалтыраусыз да өтуі ықтимал. Егер диагноз кеш қойылып, ем уақытында басталмаса, ауру ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Бұл түрдегі өлім-жітім деңгейі 10–40 пайызға дейін жетеді.

Балалар, жүкті әйелдер және иммунитеті қалыптаспаған ересектер аурудың ауыр түріне көбірек шалдығады. Ең қауіпті асқынулардың бірі — церебралды безгек. Ол құрысу, бұлшық еттің сіресуі және көздің тор қабығына қан құйылуымен қатар жүруі мүмкін.

Безгекті анықтау үшін ең алдымен қанға зертханалық талдау жүргізіледі. Негізгі әдістердің бірі — қанды микроскопиялық зерттеу. Эндемиялық аймақтарда ПТР әдісі мен жедел тесттер де кеңінен қолданылады. Емдеу ауру қоздырғышының түріне және оның дәрілік препараттарға сезімталдығына қарай тағайындалады.

Мамандардың айтуынша, безгектен сақтанудың ең тиімді жолы — алдын алу шараларын қатаң сақтау, ауруды ерте анықтау және дер кезінде медициналық көмекке жүгіну.