
Түркістан қаласында «Инфекциялық, тропикалық және паразиттік аурулар: сын-қатерлер, трансшекаралық қауіптер, биологиялық қауіпсіздік» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Іс-шараны Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Әбу Әли ибн Сина атындағы Бұхара мемлекеттік медицина институты және Қазақстан Республикасы инфекционист дәрігерлер қоғамымен бірлесіп ұйымдастырды.
Конференцияның негізгі тақырыптары инфекциялық аурулардың заманауи сын-қатерлері, биологиялық қауіпсіздік және трансшекаралық қауіптер мәселелері болды. Қатысушылар инфекциялық, тропикалық және паразиттік аурулардың өзекті мәселелерін талқылап, ғылыми және практикалық тәжірибелерімен алмасты, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты дамыту және денсаулық сақтау жүйесінің қазіргі биологиялық қауіптерге дайындығы мәселелерін қарастырды.



Конференция аясында Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы мен «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалының мамандары ішек инфекциялары мен паразиттік аурулар бойынша эпидемиологиялық жағдай, микробқа қарсы препараттарды тұтынуға жүргізілетін эпидемиологиялық қадағалау, медициналық көмек көрсетумен байланысты инфекциялар, респираторлық вирустар мен қызылшаға геномдық қадағалау, сондай-ақ трансмиссивті инфекциялардың зертханалық диагностикасы бойынша мәліметтер ұсынды.
Конференция жұмысына Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Қырғыз Республикасы, Ресей және Өзбекстан елдерінің инфекциялық аурулар және эпидемиология саласындағы жетекші мамандары, сондай-ақ жас ғалымдар қатысты.
Конференция қорытындысы бойынша инфекциялық қауіптерге қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыруға және халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған резолюция қабылданды.