Қоғамдық денсаулық сақтау
ұлттық орталығы

Қазақстандық делегация Мәскеуде өткен «Салауатты қоғам» форумына қатысты


Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басшысының орынбасары Салтанат Назарова 16–17 наурыз күндері Мәскеуде өткен «Салауатты қоғам» халықаралық форумына қазақстандық делегация құрамында қатысты.

Іс-шара барысында денсаулық сақтау саласын дамытуға қатысты өзекті мәселелер қаралды. Атап айтқанда, салауатты өмірді қолдайтын технологияларды енгізу, цифрлық экожүйелерді дамыту, психикалық денсаулықты нығайту, сондай-ақ аурулардың алдын алу мен емдеудің заманауи тәсілдері талқыланды.

Сапар аясында қазақстандық делегация Ресей Федерациясының жетекші медициналық ұйымдарында болды. Атап айтқанда, Ресей Денсаулық сақтау министрлігінің Терапия және профилактикалық медицина ұлттық ғылыми-зерттеу орталығы, Дмитрий Рогачёв атындағы Балалар гематологиясы, онкологиясы және иммунологиясы ұлттық ғылыми-зерттеу орталығы, сондай-ақ С.П.Боткин атындағы Мәскеу көпсалалы ғылыми-клиникалық орталығының жұмысымен танысты. Онда медициналық көмекті ұйымдастыру, профилактика және денсаулық сақтау жүйесін басқару тәжірибелері зерделенді.

Сондай-ақ, тараптар алдағы ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударды. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы мен Ресей ДСМ Терапия және профилактикалық медицина ұлттық ғылыми-зерттеу орталығы өкілдері ЕАЭО елдерінің Қоғамдық денсаулық мектебін құру бастамасын талқылауды жалғастырды. Ортақ білім беру кеңістігін қалыптастыру, мамандарды даярлау бағдарламаларын үйлестіру және үздік тәжірибелермен алмасу бағыттары айқындалды.