
Қазақстанда безгектің сырттан әкелінген жағдайлары әлі де тіркеліп отыр. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы мәліметіне сәйкес, соңғы бес жыл ішінде елімізде безгектің 13 сырттан әкелінген жағдайы анықталған. Олардың басым бөлігі тропикалық түріне жатады. Соңғы жағдай биыл наурыз айында Алматы қаласында Африкадан оралған әйелден тіркелді.
Эпидемиологиялық тексеру нәтижелері көрсеткендей, тіркелген барлық жағдайларда науқастар безгек таралған елдерге сапар алдында алдын алу шараларын, яғни химиопрофилактиканы жүргізбеген.
Химиопрофилактика – бұл жұқтыру қаупі жоғары аймақтарға барар алдында дәрігердің кеңесімен арнайы безгекке қарсы дәрілерді қабылдау. Мұндай дәрілер сапарға дейін, сапар барысында және елге оралғаннан кейін белгілі бір уақыт бойы қабылданады. Бұл әдіс жұқтырған маса шаққан жағдайда да аурудың дамуын болдырмауға көмектеседі.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы мамандарының айтуынша, халықаралық туризмнің артуы мен еңбек көші-қонының күшеюі жағдайында тропикалық паразиттік аурулардың елімізге сырттан әкеліну қаупі сақталып отыр. Безгек – аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. Ауру дер кезінде анықталып, ем жүргізілмесе, ауыр асқынуларға, тіпті өлімге әкелуі мүмкін.
Қауіптің сақталуына не себеп
Паразиттік аурулардың сырттан әкеліну ықтималдығына бірнеше фактор әсер етеді:
- халықаралық туризмнің қарқынды дамуы;
- эндемиялық елдерден келетін маусымдық жұмысшыларды қоса алғанда еңбек көші-қонының артуы;
- халықаралық экономикалық және көлік байланыстарының кеңеюі;
- экзотикалық қоздырғыштар мен оларды таратушы жәндіктердің тіршілік етуіне қолайлы жағдай туғызатын климаттық өзгерістер;
- тропикалық инфекциялар жөнінде халық пен медицина қызметкерлерінің сақтығының жеткіліксіз болуы.
Сонымен қатар Қазақстан халқы арасында бұл инфекцияларға қарсы арнайы иммунитеттің болмауы да қауіп деңгейін арттырады. Сондықтан сырттан әкелінген бір ғана жағдайдың өзі аурудың ауыр өтуіне әкелуі мүмкін.
Жұқтыру қаупі жоғары өңірлер
Паразиттік аурулар кең таралған аймақтар мыналар:
- Африка елдері;
- Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері;
- Латын Америкасының бірқатар елдері.
Бұл өңірлерде безгекпен қатар ішек паразитоздары мен басқа да тропикалық инфекцияларды жұқтыру қаупі жоғары.
Сапар алдында нені ескеру қажет
Тропикалық климаты бар елдерге сапарға шықпас бұрын:
- баратын елдегі эпидемиологиялық жағдаймен алдын ала танысу;
- қауіпсіз тамақтану және табиғи аймақтардағы (джунгли, ұлттық парктер, су айдындары) жүріс-тұрыс ережелерін білу;
- безгек таралған елдерге барғанда дәрігердің тағайындауы бойынша химиопрофилактикадан өту қажет.
Ішек паразитоздарының алдын алу
Сапар кезінде қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау маңызды:
- тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды ішу;
- шикі көкөністер мен жемістерден, сондай-ақ толық піспеген ет пен балықтан бас тарту;
- шикі сүт өнімдерін тұтынбау;
- тоқыраған су айдындарында, күріш алқаптарында және суару арналары бар жерлерде шомылмау.
Жәндіктерден қорғану
Көптеген тропикалық инфекциялар жәндіктер арқылы таралады. Сондықтан:
- москит торларын және репелленттерді пайдалану;
- жабық киім кию;
- инсектицидтік құралдарды қолдану;
- кеміргіштермен байланыстан аулақ болу ұсынылады.
Жеке гигиена ережелері
- қолды, көкөністер мен жемістерді мұқият жуу;
- жалаңаяқ жүрмеу;