Қоғамдық денсаулық сақтау
ұлттық орталығы

Қызылорда облысында «Қол гигиенасы — медициналық көмек көрсету кезінде туындайтын инфекциялардың алдын алудың негізгі тәсілі» тақырыбында көшпелі шеберлік сабағы өтті. Оқытуды Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының инфекциялық бақылау және антимикробтық төзімділікті үйлестіру бөлімінің басшысы Гаухар Агажаева жүргізді.

Шеберлік сабағы «Қызылорда облысының мейіргер ісі мамандары қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен ұйымдастырылды. Оған өңірдегі медициналық ұйымдардың мейіргерлері қатысты.

Оқыту барысында инфекциялық бақылаудың заманауи тәсілдері және медициналық ұйымдарда инфекциялардың алдын алудың ең тиімді шараларының бірі саналатын қол гигиенасын сақтау бойынша практикалық мәселелер қарастырылды.

ДДСҰ деректеріне сәйкес, әлемде әрбір оныншы пациент медициналық көмек көрсету кезінде туындайтын инфекциялармен кездеседі. Ал инфекциялық бақылау талаптарын сақтаған жағдайда мұндай инфекциялардың 50–70%-ын алдын алуға болады. Қол гигиенасын дұрыс сақтау инфекциялардың таралу қаупін 40%-дан астамға төмендетеді.

Мамандардың айтуынша, медициналық қызметкерлерді жүйелі түрде оқыту инфекциялық бақылау жүйесін нығайтып, пациенттердің қауіпсіздігін арттыруға ықпал етеді.