
Қазақстан Республикасы Президентінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Алексей Цой Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығына барып, орталықтың қызметімен және еліміздегі қоғамдық денсаулық сақтау жүйесін дамытудағы негізгі бағыттармен танысты.
Сапар барысында орталықтың негізгі қызмет бағыттары, оның ішінде эпидемиологиялық мониторинг жүйесін дамыту, зертханалық зерттеулер жүргізу және профилактикалық бағдарламаларды іске асыру жұмыстары таныстырылды. ҚДСҰО басқарма төрағасы Эрик Байжүнісов орталық қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы сараптамалық-талдамалық платформа ретінде халық денсаулығына төнетін қауіптерді бағалауды, талдамалық болжамдар әзірлеуді және Денсаулық сақтау министрлігінің шешімдерін ғылыми-әдістемелік тұрғыдан сүйемелдеуді қамтамасыз ететінін атап өтті. Сондай-ақ ол ҚДСҰО-ның 2023–2027 жылдарға арналған даму стратегиясы ғылыми әлеуетті нығайтуға, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және профилактикалық бағытты дамытуға бағытталғанын айтты.
Орталық құрылымында вирусология, бактериология, паразитология, аса қауіпті инфекциялар, химиялық зерттеулер, токсикология және радиациялық қауіпсіздік бағыттары бойынша 7 мамандандырылған зертхана жұмыс істейді. Зертханалық база эпидемиологиялық үрдістерді бақылау мақсатында айналымдағы вирустарға геномдық талдау жүргізуді қоса алғанда, зерттеулердің кең спектрін орындауға мүмкіндік береді.
Қоғамдық денсаулыққа төнетін қауіптерге әрекет ету жүйесінде Қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлар жөніндегі Оперативтік орталық маңызды рөл атқарады. Ол Қазақстанда және әлемде эпидемиологиялық жағдайды тұрақты бақылауды, ықтимал қауіптерді анықтауды және басқарушылық шешімдер қабылдау үшін талдамалық материалдар әзірлеуді қамтамасыз етеді.

Қоғамдық денсаулық сақтау жүйесін цифрлық трансформациялау аясында ҚДСҰО эпидемиологиялық деректер мен басқа да қауіп факторларын all-hazards қағидаты бойынша біріктіретін денсаулыққа төнетін қауіптер картасын әзірледі.
Сонымен қатар орталық медициналық ұйымдардағы инфекциялық бақылауды күшейту, микробқа қарсы төзімділікке қарсы іс-қимыл жүргізу және иммунопрофилактика бағдарламаларын дамыту бағытында жүйелі жұмыс атқаруда. ҚДСҰО құрылымында вакцинация бағдарламаларын ғылыми-әдістемелік қолдауды және халықтың хабардарлығын арттыруды қамтамасыз ететін Иммунопрофилактика орталығы құрылған.
Орталық жұқпалы емес аурулардың және халық денсаулығына әсер ететін қауіп факторларының алдын алуға да ерекше назар аударады. ҚДСҰО салауатты өмір салтын қалыптастыруға, созылмалы аурулардың қауіп факторларын азайтуға, нашақорлықтың алдын алуға, сондай-ақ психикалық денсаулықты нығайту мен суицидтің алдын алуға бағытталған жобаларды іске асырады.
Бұл бағыттағы жұмыстар аясында ҚДСҰО Қазақстан Республикасында салауатты және қауіпсіз тамақтану жүйесін дамыту жоспарын іске асыруға қатысады, сондай-ақ халық денсаулығына әсер ететін қоршаған орта факторларын бағалау және бақылау жұмыстарын жүргізеді. Бұдан бөлек, экологиялық тұрғыдан осал аумақтардағы халық денсаулығын жақсартуға бағытталған «Арал өңіріндегі салауатты болашақ» бағдарламасы іске асырылуда.
Орталық сонымен қатар денсаулық сақтау жүйесі мамандарын даярлауға және эпидемиологиялық мониторинг пен аурулардың профилактикасына заманауи тәсілдерді енгізуге бағытталған ғылыми-білім беру қызметін дамытуда.
Кездесу қорытындысы бойынша қоғамдық денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамытуға қатысты басым бағыттар айқындалып, оның ішінде зертханалық инфрақұрылымды нығайту, мониторингтің талдамалық құралдарын дамыту және цифрлық шешімдерді енгізу мәселелері белгіленді.