
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы иммунопрофилактика мәселелері бойынша өңірлік денсаулық сақтау басқармаларымен онлайн-кеңес өткізді. Жиын Ұлттық орталықтың Басқарма төрағасы Эрик Байжүнісовтің төрағалығымен, Иммунопрофилактика орталығы мамандарының қатысуымен өтті.
Кеңес барысында «Вакцинация» модулінің деректері негізінде вакцинациямен қамту деңгейіне талдау жасалып, өңірлер үшін басым бағыттар айқындалды. Атап айтқанда, екпе жұмыстарын жоспарлау сапасын арттыру, деректерді уақтылы әрі дұрыс енгізуді қамтамасыз ету, қосымша (қалпына келтіру) иммундауды күшейту және «суық тізбектің» сақталуын қатаң бақылау қажеттігі атап өтілді.
Вакциналардың қалдықтарына жүйелі мониторинг жүргізу және олардың жарамдылық мерзімін бақылау мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл вакциналарды ұтымды пайдалануға және өңірлерді препараттармен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, кеңес барысында қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай қаралды. ҚДСҰО деректеріне сәйкес, ағымдағы жылдың басынан бері 3 764 жағдай тіркелген, оның 28%-ы Астана қаласына тиесілі. Ауру жұқтырғандардың басым бөлігі — бір жасқа дейінгі және 1-2 жас аралығындағы балалар. Аталған жас топтарында вакцинацияның кешіктірілуі мен екпеден бас тарту үлесі жоғары болып отыр.
Қатысушыларға инфекция ошақтарында жедел әрекет ету, байланыста болған адамдарды дұрыс анықтау және эпидемияға қарсы шараларды уақытылы жүргізу қажеттігі еске салынды. Сонымен қатар, вакцинациядан бас тарту мен екпенің кешіктірілуін азайту үшін ата-аналармен жүйелі түсіндіру жұмысының маңыздылығы атап өтілді.
Келесі жылға арналған қажеттілікті дәл жоспарлау мақсатында ҚДСҰО вакциналарды сатып алу көлемін есептеуге арналған модель ұсынды. Модель нысаналы топтарды, қоймалардағы қалдықтарды, вакцинациямен қамтылмаған контингентті және туу көрсеткішінің болжамын ескереді. Бұл құрал өңірлерге салыстырмалы деректер негізінде жоспарлау жүргізуге және тапшылық немесе артық қор қалыптастыру тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.
Кеңес қорытындысы бойынша тараптар жұмыс кездесулерін тұрақты форматта өткізуге, көрсеткіштерді талдау және иммундауды ұйымдастыру мәселелері бойынша өңірлерге әдістемелік қолдауды күшейтуге келісті. Сондай-ақ мамандарды халықпен тиімді коммуникация жүргізу бағытында оқытуды жалғастыру қажеттігі атап өтілді.