
Қазақстанда Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы әзірлеген эпидемиологиялық мониторингтің жаңа цифрлық құралы — онлайн-карта іске қосылды. Бұл платформа нақты уақыт режимінде еліміздегі және шетелдегі деректерді біріктіріп, халық денсаулығына төнуі мүмкін қауіптерді тұтас бағалауға мүмкіндік береді.
Картаны іске қосу қоғамдық денсаулық сақтау жүйесінің цифрлық трансформациясы аясында жүзеге асырылып, жекелеген оқиғаларға жедел әрекет етуден қауіптерді алдын ала басқару тәсіліне көшуге бағытталған. Бұл құрал өзекті деректер негізінде ықтимал тәуекелдерді уақтылы анықтап, профилактикалық шешімдерді дер кезінде қабылдауға мүмкіндік береді.
Платформа all-hazards қағидатына негізделген. Яғни жүйе тек жұқпалы ауруларды ғана емес, санитариялық-эпидемиологиялық жағдайға әсер етуі мүмкін барлық факторларды кешенді түрде қарастырады. Олардың қатарында аптап ыстық, су тасқыны, шаңды дауыл, қар көшкіні, автожолдардың жабылуы және халық денсаулығына ықпал ететін басқа да жағдайлар бар.
Онлайн-картада қазақстандық туристерге арналған арнайы бөлім қарастырылған. Мұнда еліміздің азаматтары жиі баратын ТОП-10 ел көрсетілген. Пайдаланушылар сапар алдында баратын елдегі эпидемиологиялық жағдаймен танысып, қажетті вакцинациялар мен қауіпсіздік шаралары туралы ұсыныстар ала алады. Сондай-ақ Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілген және қосымша вакциналар (А гепатиті, іш сүзегі, сары қызба, менингококк инфекциясы және басқа да ауруларға қарсы) жөнінде ақпарат, инфекциялардың алдын алу, су ішу режимін сақтау, жеке гигиена және жәндіктерден қорғану бойынша кеңестер ұсынылған.
Қоғамдық денсаулық сақтау орталығының басшысы Эрик Байжүнісовтің айтуынша: «Қазіргі қоғамдық денсаулық сақтау жүйесі қауіп туындағанда ғана әрекет етпей, оны алдын ала болжай білуі керек. Онлайн-карта әртүрлі деректерді бір жүйеге біріктіріп, шешімдерді алдын ала қабылдауға мүмкіндік береді».
Мұндай цифрлық шешімдер әлемде, соның ішінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында, сондай-ақ АҚШ-та, Еуропалық одақ елдерінде және Оңтүстік Кореяда кеңінен қолданылады.
Карта Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының ресми www.hls.kz сайтында орналасқан. Деректер тұрақты түрде жаңартылып, пайдаланушыларға ыңғайлы форматта ұсынылады.
Эпидемиологиялық картаны пайдалану тәртібімен Ұлттық орталықтың YouTube арнасында танысуға болады:
https://www.youtube.com/watch?v=hw6DdDxN6ro