
Қызылша
Жыл басынан бері 3012 қызылша жағдайы тіркелді, оның 2546 — 14 жасқа дейінгі балалар. Науқастардың 78%-ы екпе алмаған.
Ең көп жағдайлар Астана және Алматы қалаларында, сондай-ақ Жамбыл, Қарағанды, Ақтөбе және Қостанай облыстарында тіркелді.
Республика бойынша эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында эпидемияға қарсы және профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде.
ЖРВИ және тұмау
Ағымдағы жылдың өткен аптасында Қазақстанда 114 242 ЖРВИ жағдайы тіркелді. Алдыңғы аптамен салыстырғанда сырқаттанушылық деңгейі 3% төмендеді.
Зертханалық зерттеулер нәтижесінде риновирус, бокавирус, парагрипп, РС-вирус, аденовирус, коронавирус, метапневмовирус айналымда екені расталды.
Тұмауға қатысты 19 883 үлгі зерттеліп, оның 3025-ы оң нәтиже көрсетті. Олардың ішінде: 3020 жағдай — АH3N2 (Гонконг тұмауы), 5 жағдай — A(H1N1) (шошқа тұмауы).
Көкжөтел
Жыл басынан бері 14 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтелдің 21 жағдайы тіркелді, оның ішінде 18 жағдай вакцина алмаған балаларға тиесілі.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы маусымдық инфекциялардың таралуына байланысты азаматтарды алдын алу шараларын қатаң сақтауға шақырады: жабық әрі адам көп жиналатын орындарда маска тағу, өзіңізді жайсыз сезінген жағдайда қоғамдық орындарға бармау, жеке гигиена талаптарын сақтау және вакцинациядан уақытылы өту ұсынылады.