Қоғамдық денсаулық сақтау
ұлттық орталығы

Қазақстанда өлім-жітімнің шамамен 80%-ы инфекциялық емес ауруларға — қан айналымы жүйесі ауруларына, онкологиялық ауруларға, тыныс алу ағзаларының созылмалы ауруларына және қант диабетіне байланысты. Бүгінде дәл осы аурулар халықтың өмір сүру ұзақтығына ең көп әсер етіп отыр.

Ең өзекті мәселелердің бірі — қант диабеті. Соңғы 20 жылда науқастар саны шамамен төрт есеге өсіп, 500 мыңнан асты, ал болжам бойынша 2030 жылға қарай олардың саны 930 мыңға жуықтайды. 2025 жылы қант диабетімен ауыратын науқастарды дәрілік заттармен қамтамасыз етуге 54 млрд теңге жұмсалды. Бұл ретте асқынуларды емдеудің орташа құны бір науқасқа жылына 1,4 млн теңгеден асады. Осылайша созылмалы аурулар денсаулық сақтау жүйесіне елеулі жүктеме түсіріп, барған сайын көбірек ресурсты талап етеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес инфекциялық емес аурулардың өсуі көбіне өмір салты мен тамақтану ерекшеліктеріне байланысты. STEPS және MICS ұлттық зерттеулерінің (2024, 2025 жж.) деректері бойынша ересек халықтың 58,6%-ында артық дене салмағы бар, ал 6–9 жас аралығындағы әрбір бесінші балада артық салмақ анықталған. Тұзды тұтыну тәулігіне шамамен 17 грамды құрайды, бұл ДДСҰ ұсынған мөлшерден шамамен төрт есе жоғары. Көшедегі тағамның бір порциясындағы трансмай мөлшері белгіленген нормадан 220%-ға артық. Ересек халықтың 71,8%-ы аз қимылдайтын өмір салтын ұстанады.

Созылмалы аурулардың негізгі себептері қауіп факторларымен байланысты екенін ескере отырып, Қазақстанда оларды азайту бойынша мемлекеттік саясат деңгейінде жүйелі жұмыс жүргізілуде. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы қауіп факторларын эпидемиологиялық мониторингтеу жүйесін қалыптастырды. Соның негізінде профилактика және қоғамдық денсаулық сақтау саласында басқарушылық шешімдер қабылданады. Елде STEPS, GATS, COSI, HBSC және GYTS халықаралық зерттеулері жүргізіліп, қауіп факторларының таралуын және олардың халық денсаулығына әсерін бағалауға мүмкіндік беріп отыр.

Жүргізілген зерттеулер нәтижесінде қауіп факторларын төмендетуге бағытталған бірқатар реттеуші шаралар қабылданды: темекі түтінінен азат орта кеңейтілді, темекі мен алкоголь жарнамасына тыйым салынды, графикалық ескертулер енгізілді, темекі өнімдерін ашық көрсетуге тыйым салынды, темекі өнімдерін сату жасы 21 жасқа дейін көтерілді, насыбай мен вейптерге толық тыйым енгізілді. Нәтижесінде темекі шегудің таралуы 2019 жылғы 21,5%-дан 2025 жылы 17,5%-ға дейін төмендеді.

Дұрыс тамақтану мәселесіне ерекше назар аударылып отыр. Мектептегі тамақтанудың жаңартылған стандарты енгізілді, тағам өнімдеріне қойылатын санитариялық және техникалық талаптар белгіленді, соның ішінде трансмайлардың мөлшерін 2%-ға дейін шектеу қарастырылған. Білім беру ұйымдарында денсаулыққа зиян өнімдердің жекелеген түрлерін сатуға шектеулер енгізілді. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап энергетикалық сусындарды сатуға жас шектеуі енгізілді (21 жасқа дейін), ал 2026 жылдан бастап қант қосылған сусындарға кезең-кезеңімен акциз енгізу көзделген. Бұл шаралар тәтті сусындарды тұтынуды 16%-ға төмендетуге және ауызсу тұтынуды 41%-ға арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Тұзды тұтынуды азайту жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алудағы ең тиімді шаралардың бірі ретінде қарастырылады. Есептеулер бойынша мұндай шараларды іске асыру 164 мыңнан астам адамның өмірін сақтап қалуға, жүректің ишемиялық ауруының 122 мың жағдайының және инсульттің 125 мың жағдайының алдын алуға мүмкіндік береді. ДДСҰ бағалауынша, мұндай шараларға салынған әрбір 1 теңге ұзақ мерзімде 118 теңгеге дейін экономикалық тиімділік әкелуі мүмкін.

Мінез-құлыққа байланысты қауіп факторларымен қатар, халық денсаулығына қоршаған орта факторлары да айтарлықтай әсер етеді. ДДСҰ бағалауы бойынша өлім жағдайларының шамамен 23%-ы экологиялық факторлармен, ең алдымен ауаның ластануымен байланысты. Қазақстанда атмосфералық ауаның ластануынан халық денсаулығына төнетін қауіптерге бағалау жүргізілуде. 2024 жылы атмосфералық ауа бойынша 685 мыңнан астам зерттеу жүргізіліп, сынамалардың 1,6%-ында шекті рұқсат етілген концентрациядан асу анықталды. Мониторингті күшейту мақсатында цифрлық шешімдер енгізілуде — Алматы қаласында ауа сапасын бақылауға арналған 296 датчиктен тұратын желі іске қосылған.

Аталған шараларды іске асыру Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтауды дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасында көзделген және инфекциялық емес аурулардың қауіп факторларын жүйелі түрде төмендетуге бағытталған. Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты негізде жалғасып, созылмалы аурулардың профилактикасы саласындағы мемлекеттік саясатты одан әрі жетілдіруді қамтиды.