Темекі жыл сайын 8 миллион адамның өліміне әкеледі. Осы жылы темекі шекпейтіндерге қарағанда темекі шегушілердің COVID-19 ауруының ауыр түріне шалдығу мүмкіндігі жоғары екендігі туралы мәліметтер жарияланған кезде, миллиондаған шылым шегушілер темекіні тастауға ұмтылды. Пандемиядан туындаған қосымша әлеуметтік-экономикалық қиындықтарды ескеретін болсақ, темекіні тастау қиын болуы мүмкін, алайда, темекіні тастауға көптеген себептер бар.
Темекіден бас тартудың пайдасы бірден білінеді. Темекіні тастағаннан кейін 20 минуттан кейін сіздің пульсіңіз төмендейді. 12 сағат ішінде қандағы көміртегі тотығы қалыпты деңгейге дейін төмендейді. 2 ден 12 аптаға дейінгі уақыт аралығында қан айналым мен өкпе қызметі жақсарады. 1 ай мен 9 ай аралығында жөтел мен ентігу азаяды. 5-15 жыл аралығында инсульт қаупі темекі шекпейтін адамның қауіп деңгейіне дейін төмендейді. 10 жыл ішінде өкпе обырынан болатын өлім қаупі темекі шегушіге қарағанда екі есе төмен болады. 15 жыл аралығында жүрек ауруларының болу қаупі темекі шекпейтін адамдардың қауіп деңгейіне тең болады. Егер жоғарыда айтылған себептерді жеткіліксіз десеңіз, мұнда тағы бірнешесі бар!
1. Шылым шегушілердің COVID-19-дан ауыр дерттерге шалдығу және қайтыс болу қаупі жоғарырақ болып табылады.
Темекі сіздің сыртқы келбетіңізге бірден әсер етеді
2. Теріңізден бастап бүкіл үйге, киіміңізге, саусақтарыңызға және тыныс алуыңызға дейін жағымсыз иіс бөледі.
3. Темекі тістердің сарғаюын тудырады және артық тіс өңезінің пайда болуына себеп болады.
4. Темекі шегу және түтінсіз темекіні пайдалану ауыздан шығатын жағымсыз иістің себебі болып табылады.
5. Шылым шегу сіздің теріңізге әжім түсуін жеделдетіп, сіздің егдерек қылып көрсетеді. Темекі шегу терінің икемділігін қамтамасыз ететін ақуыздарды жұқартып, ондағы А дәруменін азайтып, қан ағыcын шектеу арқылы терінің ерте қартаюына әкеледі.
6. Бұл әжімдер ерін мен көздің айналасында ерекше байқалады. Шылым шегу теріні әжіммен басып, құрғақ етеді.
7. Шылым шегу псориаз бен терінің жұқпалы емес қабыну ауруларының пайда болуы қаупін арттырады, бұл аурулар бүкіл денеде қышу мен қызыл дақтардың пайда болуына әкелуі мүмкін.
Бұл сізге ғана емес, достарыңыз бен отбасыңыздың денсаулығына да қауіп төндіреді.
8. Жыл сайын 1 миллионнан астам адам пассивтік темекі түтінінің әсерінен қайтыс болады.
9. Пассивтік темекі түтінінің жанында болған темекі шекпейтіндер өкпе қатерлі ісігінің пайда болу қаупіне ұшырайды.
10. Темекі кездейсоқ өрттің және соның салдарынан болатын өлімнің басты себептерінің бірі болып қала береді.
11. Электрондық темекілерден бөлінетін никотин және басқа да зиянды химиялық заттардың зардабы шылым шекпейтін және кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдарға да тиюі мүмкін.
12. Екінші темекі түтінінің әсері туберкулез инфекциясын белсендіруі мүмкін.
13. Екінші темекі түтінінің әсері 2 типті қант диабетіне әкелуі мүмкін.
Балалардың жанында темекі шегу немесе электронды темекіні пайдалану олардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне қауіп төндіреді
14. Темекі шегушілердің балалары өкпе қызметінің нашарлауынан зардап шегеді, бұл олардың есейген шағында созылмалы респираторлық бұзылулар түрінде жалғасуы мүмкін.
15. Электрондық темекінің сұйықтығы балаларға әлі де үлкен қауіп төндіреді. Сұйықтықтың ағып кету немесе балалардың жұтып қою қаупі бар.
16. Электрондық темекінің салдарынан туындайтын өртен ауыр жарақат алу немесе күйіп қалу сияқты қауіптердің бар екені белгілі.
17. Пассивтік темекі түтінінің зиянды әсеріне ұшыраған мектеп жасындағы балалар да өкпедегі тыныс жолдарының қабынуына байланысты астманың даму қаупіне ұшырайды.
18. Үйде пассивтік темекі түтініне ұшыраған 2 жасқа дейінгі балалар ортаңғы құлақ ауруларына шалдығу мүмкін, ал ол аурулар одан әрі есту қабілетінің жоғалуына және саңыраулыққа әкелуі мүмкін.
19. Темекіні тастау балалардағы пассивтік темекі шегумен байланысты тыныс алу аурулары (астма) және құлақ инфекциясы сияқты көптеген аурулардың пайда болу қаупін азайтады.
Шылым шегудің теріс әлеуметтік салдарлары бар
20. Сіз балаларыңызға, достарыңызға және жақындарыңызға жақсы үлгі болғыңыз келеді.
21. Темекіні пайдалану әлеуметтік әрекеттесулер мен қарым-қатынастарға теріс әсер етуі мүмкін.
22. Темекіні тастау – барғыңыз келген жерлерде ешқандай шектеулер жоқ дегенді білдіреді – өзіңізді оқшау сезінбеуге немесе темекі шегуге далаға шықпай-ақ қоюға болады деген сөз.
23. Темекіні тастау сіздің өнімділігіңізді арттырады – сіз үнемі темекі шегу үшін жұмысыңызды тоқтатпайсыз.
Шылым шегу қымбат – сіз ақшаңызды басқа да маңызды нәрселерге жұмсай аласыз
24. Зерттеулерде көрсетілгендей, темекі шегушілердің орташа шығындары 1,4 миллион АҚШ долларын құрайды, соның ішінде темекіге кететін шығындар, медициналық шығындар, темекі шегу мен пассивтік темекі шегудің салдарынан пайда болатын жалақының төмендеуі анықталды.
25. Темекіні пайдалану жұмысшылардың денсаулығы мен өнімділігіне әсер етеді, бұл оларды жұмыстан қалу мүмкіндігін ұлғайтады.
26. Темекі тұтыну үй кірісін тамақ пен баспана сияқты негізгі қажеттіліктерден темекіге бұрып кедейлікке үлесін қосады.
27. Темекіні пайдалану әлемдік экономикаға қысым салады. Темекіден туындаған аурулар мен өлімдерден адам капиталын жоғалту денсаулық сақтау саласына шамамен 1,4 триллион АҚШ доллары көлемінде зиян келтіреді.
Темекі сіздің еркектік әлеуетіңізге жаман әсер етуі мүмкін
28. Темекі шегушілер жиірек бедеулікке ұшырайды. Темекі шегуден бас тарту жүктіліктің, мерзімінен бұрын немесе салмағы аз нәрестелерді босанудың және жүктіліктің үзілуін анағұрлым азайтады.
29. Темекі шегу эректильді дисфункцияны тудыруы мүмкін. Темекі шегу жыныстық мүшеге баратын қан ағымын шектейді, бұл кезде эрекцияға жету мүмкін болмайды. Эректильді дисфункция темекі шегушілерде жиі кездеседі және егер ер адам ерте жастан темекіні тастамаса, тұрақты түрде қалыптасып кетуі мүмкін.
30. Темекі шегу сонымен қатар ерлердегі сперматозоидтардың санын, олардың қозғалғыштығын және пішінін төмендетеді.
Темекінің барлық түрлері өте қауіпті болып табылады.
31. Жыл сайын темекіден 8 миллионнан астам адам қайтыс болады.
32. Темекі тұтынушылардың жартысы темекіден туындаған аурулардан көз жұмады. Темекіні кез-келген түрде қолдану сіздің денсаулығыңызды нашарлатады және ауыр түрдегі ауруларды тудырады.
33. Қорқор (кальян) шегу дәл темекіні тұтынудың басқа түрлері сияқты зиянды.
34. Темекі өнімдерін шайнау ауыз қуысының қатерлі ісігін, тістердің түсуін, қоңыр тістердің пайда болуын, ақ дақтар мен қызыл иек ауруларын тудыруы мүмкін.
35. Түтінсіз темекідегі никотин кәдімгі темекі шегуден гөрі оңай сіңеді, сондықтан тәуелдік тудыруы мүмкін.
Темекі сатып алу арқылы, сіз фермерлер мен балалардың еңбегін пайдаланатын және ауру мен өлім тудыратын саланы қаржылай қолдайсыз.
36. Темекі өндірушілер тері арқылы сіңірілетін никотин әсеріне, сондай-ақ ауыр пестицидтер мен темекі шаңының жаман әсеріне ұшырайды.
37. Кейбір елдерде балалар темекі өсірумен айналысады, бұл олардың денсаулығы мен мектепке бару қабілетіне әсер етеді.
38. Темекіні тұтыну кедейлікке әкелуі мүмкін, өйткені темекіні тұтынушылар қатерлі ісік, инфаркт, тыныс алу аурулары немесе темекіге байланысты басқа аурулардың салдарынан мерзімінен бұрын өліп кету қаупі жоғары болғандықтан, отбасыларды қажетті кірістерден айырады және денсаулық сақтау саласына қосымша шығындар әкеледі.
39. Темекі саласында жұмыс істейтіндердің басым көпшілігі өте аз ақша табады, ал ірі темекі компаниялары үлкен пайда табады.
Қыздырылған темекі өнімдері денсаулыққа зиянды
40. Қыздырылған темекі өнімдері тұтынушыларды улы шығарындыларға ұшыратады, олардың көпшілігі қатерлі ісік ауруын тудыруы мүмкін.
41. Қыздырылған темекі өнімдері де темекі өнімдері болып табылады. Сондықтан, қарапайым темекі өнімдерінен қыздырылған темекі өнімдеріне көшу темекі шегуден бас тартуды білдірмейді.
42. Қыздырылған темекі өнімдері қарапайым темекіге қарағанда зияны аз деген пікірді растайтын дәлелдер жеткілікті емес.
Электрондық темекі денсаулыққа зиянды, әрі қауіпті
Құпия ашылды: темекі өнеркәсібі әлсіз адамдарға бағытталған
43. Электрондық темекіні қолданатын балалар мен жасөспірімдердің есейе келе темекі шегу мүмкіндігі екі есеге артады.
44. Электрондық темекіні тұтыну жүрек пен өкпе ауруларының қаупін арттырады.
45. Электрондық темекідегі никотин балалардың дамып келе жатқан миына зиян келтіретін есірткі.
Темекі өнімдерін пайдаланудан, әсіресе темекі шегуден, тыныс тарылады
46. Темекі өнімдері бүкіл әлемдегі қатерлі ісік ауруынан болатын өлімнің 25%-на жауапты.
47. Темекі өнімдерін қолданатындар темекі шекпейтіндерге қарағанда өкпенің қатерлі ісік ауруымен 22 есе жиірек ауырады. Темекі шегу өкпенің қатерлі ісігінің негізгі себебі болып табылады, бұл дүние жүзінде өкпенің қатерлі ісігінен көз жұму санының үштен екісін құрайды.
48. Әрбір бесінші темекі шегуші өмір бойы созылмалы обструктивті өкпе ауруын (COPD) дамытады, әсіресе бала кезінен және жасөспірім кезінен бастап темекі шегуді бастағандықтан, темекі түтіні өкпенің өсуі мен дамуын едәуір баяулатады.
49. Темекі шегу ересектерде демікпені (астма) күшейтеді, олардың белсенділігін шектеп, мүгедектікке әкеледі және жедел көмек қажет ететін ауыр демікпе ұстамаларының қаупін арттырады.
50. Темекі шегу туберкулездің жасырын күйден белсенді күйге ауысу қаупін екі еседен артық арттырады, сонымен қатар аурудың табиғи өтуін нашарлатады. Әлем халқының шамамен төрттен бір бөлігі жасырын туберкулезбен ауырады.
Темекі өнімдері жүрек жұмысын нашарлатады
51. Күніне бірнеше темекі шегу, кездейсоқ темекі шегу немесе пассивті темекі түтінінің әсер етуі жүрек ауруының қаупін арттырады.
52. Темекі шегушілерде инсульт қаупі екі есе, ал жүрек ауруы қаупі төрт есе жоғары болады.
53. Темекі түтіні жүрек артерияларын зақымдайды, түйіндердің пайда болуына және ұйыған қанның пайда болуына әкеліп соғады, осылайша қан ағымын шектеп, нәтижесінде инфаркт пен инсультқа әкеледі.
54. Никотин мен темекі өнімдерін тұтыну жүрек-қан тамырлары ауруларының пайда болу қаупін арттырады.
Темекі қатерлі ісіктің 20-дан астам түрлерінің пайда болуына себеп болады
55. Темекі өнімдерін пайдалану және түтінсіз темекі шегу ауыз қуысының, еріннің, тамақтың (жұтқыншақ пен көмейдің) және өңештің қатерлі ісігін тудырады.
56. Қатерлі ісікті көмейді хирургиялық жолмен алып тастау трахеостомияның қажеттілігіне, мойын мен тыныс алу түтігі арқылы науқастың тыныс алуына мүмкіндік беретін тесік жасауға әкелуі мүмкін.
57. Темекі шегушілерде жедел миелоидты лейкоз; мұрын және параназальды синус қуыстарының қатерлі ісігі; тік ішек, бүйрек, бауыр, ұйқы безі, асқазан немесе аналық без қатерлі ісігі; және төменгі зәр шығару жолдарының қатерлі ісігі (қуық, несеп ағар және бүйрек жамбасын қоса алғанда) секілді аурулардың даму қаупі айтарлықтай жоғары болып табылады .
58. Кейбір зерттеулер темекі шегу мен сүт безі қатерлі ісігінің пайда болу қаупі арасындағы байланысты, әсіресе темекі шегушілер мен алғашқы жүктіліктен бұрын темекі шегуді бастайтын әйелдер арасындағы байланысты көрсетті.
59. Сондай-ақ, темекі шегу папиллома вирусын жұқтырған әйелдерде жатыр мойны қатерлі ісігінің даму қаупін арттыратыны белгілі.
Темекі өнімдерін пайдаланушылар көру және есту қабілеттерін жиі жоғалтады
60. Темекі шегу көптеген көз ауруларын тудырады, егер тез арада емделмесе, көру қабілетінің жоғалуына әкелуі мүмкін.
61. Темекі өнімдерін пайдаланушыларда жасқа байланысты макулярлы дегенерация жиірек дамиды. Бұл көру қабілетінің мүлдем жоғалуына әкелуі мүмкін.
62. Темекі шегушілерде катарактілер, жарықты бұғаттайтын көз линзаларының бұлыңғырлануы секілді аурудың пайда болуы қаупі жоғары болады. Катарактілер көру қабілетінің нашарлауына әкеліп соғады, мұндай жағдайда көру қабілетін қалпына келтірудің жалғыз мүмкіндігі хирургия болады.
63. Кейбір деректерге сүйенсек, темекі шегу глаукоманы тудырады, бұл көздің қысымын арттырып, көру қабілетін зақымдауы мүмкін.
64. Ересек темекі шегушілер есту қабілетінің жоғалуынан жиі зардап шегеді.
Темекі өнімдері дененің барлық мүшелеріне зиян келтіреді
65. Өмір бойы темекі шегіп келгендердің орта есеппен кемінде 10 жыл өмірі қысқарады.
66. Темекіні әрбір тарту арқылы токсиндер мен канцерогендер ағзаға енеді, олардың кем дегенде 70-і қатерлі ісік ауруын тудыратыны белгілі.
67. Темекі шегушілерде қант диабетінің пайда болу қаупі жоғары.
68. Темекі шегу ақыл-ойдың төмендеуіне әкелетін бұзылулар тобы, яғни деменцияның қауіп факторы болып табылады.
69. Альцгеймер ауруы деменцияның ең көп таралған түрі және бүкіл әлемдегі Альцгеймер ауруының 14% – ы темекі шегумен байланысты болуы мүмкін.
70. Темекі шегетін әйелдерде етеккір және менопауза кезеңдері жиі дімкәс өтеді.
71. Менопауза темекі шегетін әйелдерде 1-4 жылдар ерте пайда болады, өйткені темекі шегу аналық бездерде жұмыртқа өндірісін азайтады, бұл репродуктивті функцияның жоғалуына және эстроген деңгейінің төмендеуіне әкеледі.
72. Темекі түтіні дене ұлпаларына оттегінің жеткізілуін азайтады.
73. Темекі өнімдерін қолдану қан ағымын шектейді, емделмеген жағдайда, гангренаға (дене тіндерінің өліміне) немесе зардап шеккен аймақтардың ампутациясына әкелуі мүмкін.
74. Темекі өнімдерін пайдалану периодонт ауруының пайда болу қаупін арттырады. Бұл қызыл иектерді тоздырып, жақ сүйегін бұзып, тістердің жоғалуына әкелетін созылмалы қабыну ауруы.
75. Темекі өнімдерін пайдаланушыларда операциядан кейінгі асқынулардың қаупі жоғары.
76. Темекі өнімдерін пайдаланушыларды механикалық желдетуден арылту қиынырақ. Бұл көбінесе олардың реанимация бөлімі мен жалпы ауруханада болуын ұзартып, басқа инфекцияларға ұшыратуы мүмкін.
77. Темекі өнімдерін пайдаланушылар асқазан жарасы, іштің құрысуы, тұрақты диарея, безгек және тік ішектен қан кетуі, сондай-ақ асқазан-ішек қатерлі ісігі сияқты асқазан-ішек жолдарының ауруларынан зардап шегуі мүмкін.
78. Темекі өнімдерін пайдаланушылар сүйек тығыздығын жиі жоғалтады, сүйектері морт сынады және емделудің кешеуілдеуі немесе емі жоқ ауыр асқынуларға тап болады.
79. Темекі түтінінің құрамы темекі шегушілерді иммундық жүйені әлсіретіп, өкпе инфекциясы қаупіне ұшыратады.
80. Аутоиммунды ауруларға генетикалық бейімділігі бар темекі шегушілерде бірқатар аурулардың, соның ішінде ревматоидты артрит, Крон ауруы, бактериалды менингит, операциядан кейінгі инфекция және қатерлі ісік ауруы сияқты аурулардың пайда болу қаупі жоғары.
81. Иммунитеті төмен адамдар, цистикалық фиброз, склероз немесе қатерлі ісік ауруымен өмір сүретін адамдар үшін темекі өнімдерін пайдалану мерзімінен бұрын өліммен аяқталуы мүмкін.
82. Темекінің иммуносупрессивті әсері АИТВ-мен өмір сүретін адамдарда ЖИТС қаупін арттырады. АИТВ шешімі оң көрсеткішті темекі шегушілердің арасында өмірдің орташа ұзақтығы 12,3 жылға қысқарған, бұл АИТВ шешімі оң көрсеткішті темекі шекпейтіндердің нәтижесінен екі есе көп болып табылады.
Темекі өнімдері мен никотинді пайдалану сіздің балаңызға зиянын тигізеді
83. Жүктілік кезінде темекі өнімдерін пайдалану және темекі түтінінің жаман әсері ұрықтың өлуіне әкелуі мүмкін.
84. Жүктілік кезінде темекі өнімдерін пайдаланатын немесе шылым шегетін әйелдерде түсік түсіру қаупі жоғары.
85. Нәрестенің оттегі жетіспеушілігіне және темекі түтініндегі көміртегі тотығы мен темекі түтініндегі никотиннен және түтінсіз темекіден туындаған плацентарлы ауытқуларға байланысты өлі туылу (құрсақта қайтыс болған нәресте туу) жиі кездеседі.
86. Темекі өнімдерін пайдаланушыларда жатырдан тыс жүктіліктің болу қаупі бар. Ұрықтандырылған жұмыртқа жатырдан тыс жерде орналасқандықтан, ана үшін өте қауіпті болып табылады.
87. Темекі шегуден бас тарту және екінші темекі шегуден қорғану репродуктивті жастағы әйелдер үшін жүктілікті жоспарлау және жүктілік кезінде өте маңызды болып табылады.
88. Электрондық темекіні қолданатын жүкті әйелдерге үлкен қауіп төнеді, өйткені өсіп келе жатқан ұрыққа зияны тиюі мүмкін.
89. Темекі өнімдерін пайдаланатын, түтінсіз темекі шегетін немесе жүктілік кезінде пассивтік темекі түтініне ұшыраған әйелдерден туылған нәрестелерде мерзімінен бұрын дүниеге келу қаупі жоғары және туылған кезде салмақтары төмен болады.
Темекі өнімдері қоршаған ортаны ластайды
90. Темекі қалдықтарын тазартуға темекі компанияларының өздері емес, үкімет пен жергілікті билік қаражат жұмсайды. Қоршаған ортаны қорғау үшін темекіні тастаңыз.
91. Темекі тұқылдары бүкіл әлемде жиі лақтырылатын қалдықтардың бірі болып табылады және бүкіл әлемде жағажайлар мен су жиектерінде жиналған қоқыстардың ең көп таралғаны табылады.
92. Темекі тұқылдарынан мышьяк, қорғасын, никотин және формальдегид сияқты қауіпті заттар табылды. Бұл қауіпті заттар тасталған темекі тұқылдарынан сулы орта мен топыраққа шаймаланады.
93. Темекі түтіні қаладағы ауаның ластануына айтарлықтай үлес қосуы мүмкін.
94. Көптеген темекі сіріңкелер немесе оттық арқылы жағылады. Егер, мысалы, бір ағаш сіріңке екі темекіні тұтату үшін қолданылса, жыл сайын әлемде алты триллион темекіні тұтату үшін үш триллион сіріңке шығару мақсатында тоғыз миллионға жуық ағашты отау қажет болады.
95. Электрондық сигареттер мен қыздырылған темекі өнімдерінде арнайы жоюды талап ететін батарейкалар, сондай-ақ химиялық заттар, қаптамалар және биологиялық ыдырауға келмейтін басқа да материалдар болуы мүмкін.
96. Қазіргі уақытта электронды темекіге арналған пластикалық сұйық картридждердің көпшілігі қайта пайдалануға келмейді және қайта өңделмейді. Трансұлттық компаниялар әдетте тұрақты клиенттер арқылы сатылымды көбейту үшін бір рет қана қолдануға келетін картридждерді өндіреді.
97. Зерттеулерге сәйкес, темекі өндірісінің шығарындылары 3 миллион трансатлантикалық рейстерге тең деп есептеледі.
98. Темекі түтінінде парниктік газдардың үш түрі бар: көмірқышқыл газы, метан мен азот оксиді. Бұл газдар ішкі және сыртқы ортаны ластайды.
99. Әлем бойынша жыл сайын темекіні өсіру және дайындау үшін шамамен 200 000 гектар жер пайдаланылады.
100. Темекі өсіру үшін орманды кесу био алуандықтың жоғалуы, топырақтың эрозиясы мен тозуы, судың ластануы және атмосферадағы көмірқышқыл газының көбеюі сияқты көптеген экологиялық зардаптарға әкеледі.
101. Темекі өсіру әдетте химиялық заттарды, соның ішінде пестицидтерді, тыңайтқыштарды және өсу реттегіштерін едәуір қолдануды талап етеді. Бұл химиялық заттар темекі өсетін аудандардан ағып кету нәтижесінде ауыз су көздеріне әсер етуі мүмкін.
102. 300 темекі (шамамен 1,5 қорап) өндіру үшін қолданылатын темекі жапырағын дайындау үшін бір ағаш қажет.
103. Жыл сайын 6 триллион темекі өндірісінде 300 миллиардқа жуық қаптама шығарылады (әр пакетте 20 темекі болады деп есептегенде). Әрбір бос ораманың салмағы алты граммды құрайды деп есептесек, ол қағаз, сия, целлофан, фольга және желімнен тұратын 1 800 000 тонна қаптама қалдықтардан тұрады. Тарату және қаптау үшін пайдаланылатын картон қораптары мен қораптардың қалдықтары тұтынудан кейінгі барлық қатты қалдықтардың жылдық көлемі кемінде 2 000 000 тоннаны құрайды.
Дереккөз: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы
https://www.who.int/ru/news-room/spotlight/more-than-100-reasons-to-quit-tobacco