Елордадағы орталық саябақта «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» ұлттық қозғалысы және Қоғамдық денсаулық сақтау орталығының бастауымен темекінің зиянынан көрініс беретін интерактивті көрме өтті деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Темекі тарту туралы шындық» деп аталған көрме 31 мамырда атап өтілетін Дүниежүзілік темекіден бас тарту күніне орай ұйымдастырылды. Көрмеде темекінің, соның ішінде темекі индустриясының қауіпсіз деп көрсететін жаңа өнімдерінің (электронды темекі) зияны ашық көрсетілген. Елорда тұрғындары адам ағзасына төнетін басты қауіп жайында ақпарат алды. Жыл соңына дейін көрме Теміртау, Қарағанды, Өскемен, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Шымкент қалаларында өткізіледі деп жоспарланған.
«Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» ұлттық қозғалысының жетекшісі Жәмилә Садықова қазақстандықтардың 25,5 пайызы шылым шегетінін айтады. Көп қолданылатын темекі қатарында электронды темекі мен кальян тұр.
«Биыл Дүниежүзілік темекіден бас тарту күніне орай темекіге қарсы көрме ұйымдастырып, темекінің зиянын тұрғындарға ашық көрсетуді шештік. Көрмедегі экспонаттарды Англиядан әкелдік. Алғашында 14 экспонаттан тұрып, кейін кеңейтіліп, жаңадан шыққан кальян, снюс, вейптар мен қыздырылған темекіге арнайы бөлім арнадық. Ол бөлімде темекі өнімдерінің түр-түсі, құрамы жөнінде толық ақпарат беріледі. Біз бір жылда темекі шеккен адамның өкпесіне қанша килограмм смола жиналатынын көрсетеміз немесе темекі шегетін ана баласын немен қоректендіретінін көрсетеміз.
Бүгінде қазақстандықтардың 25,5 пайызы шылым шегеді. Оның басым бөлігін ер адамдар құрайды. Әйелдер өзінің шылым шегетінін жасыратындықтан, ресми 6 пайыз деп айтылғанымен, болжам бойынша 11 пайызды құрайды», – дейді Жәмилә Садықова.
Көрмеде темекі әсерінен қызметі бұзылған барлық ағзалардың темекіге дейінгі және одан кейінгі көрінісі көрсетілген. Көрмедегі ашық суреттер үлкендерге де, балаларға да түсінікті.
«Биыл елордадан бөлек Теміртау, Қарағанды, Өскемен, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Шымкент қалаларына бауды жоспарлап отырмыз. Үлгерсек басқа да қалаларды қамтуға тырысамыз. Әр қалада бір аптадай боламыз. Тұрғындарға көрмені таныстыратын мамандардың барлығы екі тілде еркін сөйлейді және бәрінің медициналық білімі бар.
Қазір жасөспірімдердің арасында кальян шегетіндердің қатары 13 пайызға өсті. Бұл өкінішке қарай жоғарғы көрсеткіш. Қыздырылған табак тұтынушыларының үлесі 4-5 пайыз. Бір қызығы, вейпты көбіне жасөспірімдер тұтынса, қыздырлыған темекіні үлкен адамдар шегеді. Ал, кальянды жасөспірмдер де, үлкендер де шегеді. Кальян адам ағзасына химиялық бомба саналады. Оның құрамында: 60 литр улы қышқыл газ, химиялық элементтер мен инфекциялық копонеттер бар. Сондай-ақ, кальян құрамынан 14-ке жуық бактерия мен вирус табылған. Бірақ, осындай зияны бола тұра адамдар темекі шегуді әлі жалғастырып келеді.
Темекі индустриясы жасөспірімдерге арнап екі өнім шығарды. Бір қарағанда қаламсап немесе қарапайым флешкаға ұқсайтын құрылғы алып жүруге өте ыңғайлы. Кейбір ата-аналар баласынан осындай құрылғыны көрсе оның темекі екенін байқамай да қалады», – дейді Жәмилә Садықова.
Ол жоғарыда аталған барлық темекі өнімдерінің зияны бірдей екенін айтады. Қыздырлыған темекі түрлірі яғни IQOS, GLO, вейптердің дәстүрлі темекіден еш айырмашлығы жоқ. Сонымен қатар, шылым шегетін адам өзіне қандай зиян келтірсе, айналасына да дәл сондай қауіп төндіреді. Әсіресе, балалар темекі түтінінен тез уланып түрлі ауруларға шалдығуы әбден мүмкін. Сондықтан, темекінің қай түрі болмасын өте қауіпті екенін естен шығармаған жөн.
Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан