31 мамыр – Дүниежүзілік темекіден бас тарту күні. «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» коалицияның мәліметінше, 2-8 миллион қазақстандық темекі шегеді. Оның 38%-ы ер адам, 6-11%-ы әйелдер. Ал балалардың 13%-ы кальян шегеді. Сонымен бірге кальян ересектер арасында ғана емес, жасөспірімдер арасында да кең таралып, тұтынушылар көбейген. Қазақстандықтардың 4-5%-ы glo, iqos сияқты қыздырылған темекіні жиі шегетін болған.
Соған орай, «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» ұлттық коалициясы мен Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы «Темекі тарту туралы шындық» интерактив көрмесін өткізеді. Экспозиция темекі өнімдерінің, соның ішінде темекі индустриясының зиянсыз және қауіпсіз деп көрсететін жаңа өнімдерінің (glo, iqos, вейптер) зиянын көрсетеді.
Бұл экспонатта жануардың сау өкпесі көрсетілген. Оған жасанды оттегі бергенде, әдеттегідей ауаны толық сорып, шығарып, демалады.
Ал мына экспонатта шылым шегетін жерге жіберілген жануардың өкпесі бейнеленген. Өкпе темекі түтінінен зақымдалып, онда жаралар пайда болған, әрі туберкулезге шалдыққан. Оған жасанды оттегіні жібергенде ауаны өзіне тарта алмады.
Жалпы, медицина факультеті магистрантының айтуынша, темекі шегетін адамның да өкпесі сол сияқты, жаттығу жасағанда, жүгіргенде тез шаршап қалады.
«Темекі түтінінен 7 мыңға жуық химиялық элементтер шығады. Онда барлығы дерлік өте қауіпті заттар. Қатерлі ісікке алып келетін канцероген (cancer — қатерлі ісік) заттар, сүйекке зиян келтіретін – свинец, тышқан өлтіруге арналған химиялық зат – мишьяк және тағы басқа қауіпті заттар бар. Соны темекі шегетін адам өзі тұтынып қоймай, айналасындағы адамдардың да жұтуына әсер етеді. Егер кішкентай балалар 5 жасына дейін темекі түтінін иіскеп жүрсе, мүлде есту қабілетінін айырылуы мүмкін. Темекі адамның тамырларын бітеп, инсультке жеткізеді. Ыстық түтіні тілді зақымдап, қатерлі ісікке әкелуі мүмкін», – дейді биотехнология ғылымдарының магистранты Балым Мұхадди.
Назарбаев университеті Жалпы медицина факультетінің студенті Олжас Кенбаевтың айтуынша, қазір жастардың арасында кең таралған glo, iqos сияқты темекі түрлері маркетинг арқылы адамдарды алдайды. Компания өкілдері зияны жоқ темекі деп сатқынымен, АҚШ ғалымдары бұл темекі түріне зерттеу жасап құрамындағы қауіпті заттарды анықтаған. Оның айтуынша, вейптердің құрамындағы түрлі дәм беретін майлар өкпені қоршап, оттегінің өтуіне кедергі келтіреді.
АҚШ ғалымдары зерттеген Іqos құрамындағы химиялық заттар тізімі.
«Мұндай көрмені Алматыда 300 мекемеде көрсеттік. Қаладағы әр мектеп пен жоғары оқу орнына 2-3 күн кетеді. Нұр-Сұлтанда көрме бір апта тұрады. Бүгін орталық саябақта көрсетілсе, ертең Бәйтерек жақта, «Жерұйық» саябағында сағат 12.00 – 18.00 арасында көрсетіледі. Ал Нұр-Сұлтаннан кейін Теміртау, Қарағанды, Өскемен, Ақтөбе, Атырау, Шымкент қалаларына бару жоспары бар», – деді көрме ұйымдастырушысы Жәмиля Садықова.
Дереккөз: https://aikyn.kz/141863/%D1%88%D1%8B%D0%BB%D1%8B%D0%BC-%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B-%D1%88%D1%8B%D0%BD%D0%B4%D1%8B%D2%9B-%D1%82%D0%B5%D0%BC%D0%B5%D0%BA%D1%96-%D1%81%D0%B0%D1%82%D1%83%D1%88%D1%8B%D0%BB%D0%B0/