Қоғамдық денсаулық сақтау
ұлттық орталығы

Астанада антимикробтық резистенттілік жөніндегі халықаралық конференцияда жас зерттеушілердің ғылыми жұмыстары марапатталды

««Микробқа қарсы резистенттілікпен күресу үшін микробқа қарсы препараттарды ұтымды пайдалану: «Біртұтас денсаулық» тәсілі» атты халықаралық конференция аясында жас зерттеушілер секциясы өтіп, оның жұмысына жас ғалымдар, дәрігерлер, микробиологтар, эпидемиологтар, фармакологтар және сабақтас бағыттардың мамандары қатысты.

Қатысушылар антимикробтық резистенттілік пен микробқа қарсы препараттарды ұтымды қолданудың өзекті мәселелеріне арналған өз зерттеулерінің нәтижелерін ауызша және постерлік баяндамалар форматында ұсынды.

Ұсынылған ғылыми жұмыстарда антибиотиктерге төзімділікті бақылау, микробиологиялық диагностика, микробқа қарсы препараттарды ұтымды пайдалану, эмпириялық бактерияға қарсы терапияны қолдану, инфекциялардың профилактикасы және инфекциялық бақылау, эпидемиологиялық қадағалау, сондай-ақ «Біртұтас денсаулық» тәсілі аясында халықтың, жануарлардың және қоршаған ортаның денсаулығын қорғау үшін практикалық маңызы бар басқа да бағыттар қамтылды.

Ең үздік ғылыми жұмыстарды анықтау мақсатында ауызша және постерлік баяндамаларға бағалау жүргізілді. Бағалау барысында тақырыптың өзектілігі мен практикалық маңыздылығы, зерттеудің ғылыми негізділігі, зерттеу әдіснамасы мен ұсынылған нәтижелердің сапасы, презентацияның логикалық жүйелілігі мен құрылымы, деректердің көрнекі түрде ұсынылуы, зерттеудің практикалық маңызы, сондай-ақ автордың зерттеу нәтижелерін дәлелді түрде таныстырып, сарапшылардың сұрақтарына жауап беру қабілеті ескерілді.

Ұсынылған зерттеулердің антимикробтық резистенттіліктің алдын алу және оны тежеу тәсілдерін жетілдіруге қаншалықты ықпал ете алатынына ерекше назар аударылды.

Бағалау жүргізу арқылы ең перспективалы ғылыми жұмыстарды атап қана қоймай, жас мамандар үшін кәсіби тәжірибе алмасуға, сарапшылардан кері байланыс алуға және зерттеушілік құзыреттерін одан әрі дамытуға мүмкіндік беретін орта қалыптасты.

Бағалау қорытындысы бойынша ауызша және постерлік баяндамалар арасынан 18 үздік ғылыми жұмыс анықталды. Жоғары бағаланған зерттеулердің авторларына ұйымдастырушылар атынан дипломдар мен марапаттар табысталды.

Жас зерттеушілер секциясы конференцияның маңызды бағыттарының біріне айналып, антимикробтық резистенттілік мәселесін шешуге ғылыми негізделген тәсілдерді дамытуға қабілетті мамандардың жаңа буынын қолдаудың маңыздылығын көрсетті.

Жас зерттеушілерді қолдау — антимикробтық резистенттілікке қарсы іс-қимыл жүйесінің ғылыми әлеуеті мен орнықты дамуына салынған инвестиция.